Семей қаласындағы жұмыс сапары аясында ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин қала активімен кеңес өткізіп, Семей қаласының 2020-2025 жылдарындағы әлеуметтік-экономикалық даму жоспарының кешенді жұмыс барысымен және Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойының дайындығымен танысты.

        Семей қаласының әлеуметтік-экономикалық даму нәтижелері және 2025 жылға дейінгі жоспарлар туралы қала әкімі Е. Сәлімов, қаржы бірінші вице-министрі Б. Шолпанқұлов, Ұлттық экономика вице-министрі Е. Алпысов, Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Б. Камалиев баяндады.

        Семей қаласын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары 56 іс-шарадан тұрады. Оларды іске асыруға 260,2 млрд.теңге қарастыпылған. Оның ішінде республикалық бюджет – 98,5 млрд теңге, жергілікті бюджет – 85,5 млрд теңге, жеке инвестициялар – 76,1 млрд теңгені құрайды. Инвестициялар кәсіпкерлікті, тұрғын үй құрылысы мен инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамытуға бағытталған.

        Кешенді жоспардың іс-шараларын іске асыру 2025 жылға қарай ЖӨӨ 1,6 есеге (нақты мәнде) немесе номиналды мәнде 300 млрд теңгеге дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. 4 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады. Ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 19% – ға артып, ол 43 млрд теңгені құрайды. 133 көп қабатты үйді немесе 702,9 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру және орташа өмір сүру ұзақтығын 75 жылға дейін ұлғайту жоспарлануда. 2025 жылдың қорытындысы бойынша жолдардың үлесі 73,6% – дан 95% – ға дейін артады.

         “Семей қаласының Тәуелсіз Қазақстанның даму тарихында алар орны ерекше. Елбасы Н. Назарбаев Семей қаласына ерекше қамқорлық көрсетуде. Бұдан бұрын Елбасының тапсырмасы бойынша Семей қаласын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2013 – 2017 жылдарға арналған кешенді жоспары қабылданды. Оны іске асыру және басқа да бағдарламалар есебінен соңғы бес жылда өнеркәсіп өндірісінің көлемі 38% – ға, ауыл шаруашылығы өнімі – 63% – ға, бөлшек тауар айналымы – 1,6 есе, негізгі капиталға инвестиция-1,4 есе, бюджет көлемі-1,8 есе өсті. Соңғы жылдары халық санының өсуінің оң динамикасы байқалады”, – деді А. Мамин.

         Премьер-Министр Үкіметтің қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға ерекше назар аударатын Президент Қ. Тоқаевтың тапсырмасы бойынша 2020-2025 жылдарға арналған Семей қаласын әлеуметтік-экономикалық дамытудың жаңа кешенді жоспарын қабылдағанын атап өтті.

         Үкімет басшысы кешенді жоспарда көзделген іс-шаралардың сапалы орындалуы жөнінде тиісті шаралар қабылдауды, сондай-ақ қаражаттың уақтылы және тиімді пайдаланылуын бақылауды қамтамасыз етуді тапсырды.

          2020 жылы Абайдың 175 жылдық мерейтойын өткізудегі жұмыстарды атап өткен А. Мамин, Үкімет халықаралық, республикалық және аймақтық деңгейде 500-ден астам іс-шараларды қамтитын жоспардың орындалуын ерекше бақылауға алатынын айтты.

          “Елбасы мерейтойды мемлекеттік деңгейде атап өтетінін баса айтты. Абай еліне әлемнің түкпір-түкпірінен қонақтар келеді. Сондықтан біздің басты міндетіміз – жоспарланған барлық іс – шараларды ұйымдастыру және лайықты өткізу”,-деді Премьер-Министр.

           ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамашылық жасаған “Нұрлы жер” мемлекеттік бағдарламасы мен ИИДМБ жүзеге асырылуын, сондай-ақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Семей қаласын әлеуметтік-экономикалық дамыту жөніндегі тапсырмаларының орындалуын бақылау аясында А. Мамин “СемАз” және “Daewoo Bus Kazakhstan” ЖШС автоқұрастыру кәсіпорындарының қызметімен, “Абай Арена” мәдени-спорттық кешенінің, сондай-ақ “Қарағайлы”шағын ауданындағы көп пәтерлі тұрғын үйлердің құрылысымен танысты.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *