Қоғамдық көлікте «қояндар» құрықталды

        Соңғы екі апта аралығында қалалық қоғамдық көліктерде жүзден аса билетсіз жүрген жолаушылар анықталды. Көліктерде жедел топтар мен бақылаушылар төлем төлеудің тәртібін бақылауда.  Олардың құрамына тексеру топтары мен полиция қызметкерлері  енгізілген. Ақысыз жүрген жолаушы 2 АЕК мөлшерінде, яғни, 5302 теңге айыппұл төлейді. Соған қарамастан кейбір жауапсыз жолаушылар үшін бұл  әкімшілік шара  жауапкершілікті сезінуге   әсер етпейтіндей. 23 қаңтар мен 5 ақпан аралығында көліктердегі тексеру кезінде жүзден аса тегін жүргісі келетін жолаушылар анықталды. Егер ұсталып қалған жолаушылардың бірі жол ақысын қолма қол төлеп жатса, кейбірінің  сытылып кеткісі келеді.  Тіпті жауапкершіліктен жалтарып, тәртіп сақшысынан   тайқып кетуді көздейтіндер де табылып жатты. Жастарын 70 жастан асырып,  өтірік ұлғайтып жазып, жалған жеңілдік куәлігін жасап алғандар да табылды. Қолданыстағы заңнама  бойынша 70жастан асқан зейнеткерлер үшін жол жүрудің 50 пайыз жеңілдігі қарастырылған. 

        – Ақы төлемеудің түрлі тәсілдерін қолданатын жолаушылар келеңсз жағдайларға жолығып та жатады.  Мысалы, бір әйел адам қашып кетіп, үйлердің арасындағы қоқыс жәшігің артына тығылса, біреуі жер асты жолына түсіп, жоқ болды. Жалған куәлік жасағандардың құжатын ЖСН мен тексергенде, өтіріктері ашылып қалды. Осындай жалған құжат зағип жандардың арасында жиі кездеседі. Зағиптар қоғамы маңында осындай құжаттарды бес мың теңгеден сатып жүр деген ақпарат  та бар, дейді бақылау-тексеру комиссиясының бастығы Аманбол Байсаринов. 

        Бір әйел адам әкесінің жеңілдікпен жүретін куәлігімен ұсталып, айыппұл төлеуге келісіп,  бұдан былай мұндай әрекетке бармайтынын айтып, кешірім сұраған. 

        Аталған іс ІІБ беріліп, қадағалауға алынды. Ал, төлем картасының иесі жұмыспен қамту орталығына шақырылып, картаны бөгде адамға беру алаяқтық екені түсіндірілді. Бұл картаға ЖСН нөмірі тіркелмеген болып шықты. Сонымен жолаушы әйел ақысыз жүргені үшін ғана емес, бөтен адамның картасын пайдаланғаны үшін екі есе айыппұл төлейтін болды.    Айта кету керек, жауапкершілікке кондукторлар да тартылады.  Жолаушыларды ақысыз тасымалдаған  немесе байқамай қалған осындай тоғыз кондукторға айыппұл салынды.

        Семей қаласының ақпарат орталығы

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *