Білім бөлімі: қала мектептері жаңа оқу жылына шамамен 100% дайын

Алдағы оқу жылы оқушылар үшін қашықтықтан оқыту форматында басталатыны белгілі. Қаланың 49 мектебі бірінші тоқсанды онлайн режимінде бастайды. Балаларды қашықтықтан оқытуды қамтамасыз ету үшін қала мектептері 351 ноутбук сатып алып, балаларға уақытша пайдалануға берді. Мұғалімдер де ноутбуктармен және интернетпен қамтамасыз етілген. Оған қосымша республикалық бюджеттен және жалпы білім беру қорынан 239 миллион 830 теңгеге 1 355 компьютер сатып алу жоспарлануда.

Ал ауылдық шағын жинақты мектептерде оқыту штаттық режимде жоспарлануда. Олар үшін тепловизорлар, оқушылар мен мұғалімдерге арналған бетперделер (әр 2 сағат сайын ауыстыру есебінен), дезинфекциялық кілемшелер, бетперде қолдануға арналған урналар, бактерицидті шамдар және санитарлық нормаларды сақтау үшін өзге де керек-жарақтар сатып алынады.

Жалпы, қалалық білім бөлімінің хабарлауынша, қала мектептері жаңа оқу жылына 100% дайын деуге болады.

– Мұғалімдер үшін онлайн қашықтықтан оқыту курстары өткізіледі. Бұл бағыттағы жұмыс басталып кетті. Сондай-ақ, қаланың толық жинақты мектептерінде кезекші топтарды ашу мәселесі пысықталуда. 53 мектепте 655 кезекші топ ашып, 10 мыңнан астам баланы штаттық режимде оқыту жоспарлануда. Кезекші топтарды ашу кезінде санитарлық талаптар қатаң сақталады. Бүгінгі таңда білім беру мекемелері ата – аналармен жұмыс жүргізуде, – дейді қалалық білім бөлімінің бас маманы Вилена Жақыпбаева.

Жаңа оқу жылы қыркүйекте 47 814 оқушы үшін басталады, оның 20 мыңнан астамы бастауыш сынып оқушылары.

Семей қаласының ақпараттық орталығы

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *