ШҚО ТЖД: «100 шақырымнан астам жол қар көшкініне ұшырауы мүмкін»

Шығыс Қазақстан облысы еліміздегі қар көшкіні жиі жүретін қауіпті аумақтардың бірі болып табылады. Көшкін қаупі бар учаскелерде көшкін түсу қаупін азайту үшін қандай жұмыстар атқарылғаны және қысқы кезеңге дайындық туралы ШҚО ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Тимур Дидахметов мәлімдеді.

Бүгінгі таңда облыс аумағында қар көшкіні қаупі бар 497 учаске анықталып отыр. Оның ішінде 336 ошақ жол нысандары мен адамдардың өміріне аса қауіпті болып саналады. ТЖД болжамынша, 100 шақырымнан астам автожол қар көшкінінің құрсауында қалуы мүмкін.

– Қараша айынан бастап көшкін қаупі бар учаскелерге тексеру жүргізетін боламыз. Барлық бақылауларды тәулік бойы 6 диспетчерлік пункт жүзеге асырады. Облыс тұрғындарын ескерту үшін қалқандар мен «Сақ болыңыз, қар көшкіні қаупі бар аймақ» деген плакаттары орнатылды. Зубовка Тауында қар ұстайтын қалқандарға жөндеу және абаттандыру жұмыстары жүргізілді, сондай – ақ 10 ошақта 66 қар ұстайтын қалқан салынды, – деді Тимур Дидахметов.

Сондай-ақ, Төтенше жағдайлар департаменті “Қазгидромет” филиалымен бірлесіп, кез келген адам пайдалана алатын “DARMEN” мобильді қосымшасы арқылы дауылды ескерту туралы ақпаратты алу бойынша тұрақты негізде өзара іс-қимылды ұйымдастырады.

Қысқы кезеңде авариялық-құтқару іс-қимылдарын жүргізу үшін ШҚО ТЖД резервте 150 бірліктен астам техника бар. Оның ішінде қар құрсауына аса бейім аудандарға жұмылдыруға арналған өрт сөндіру автоцистерналарынан, вахталық көліктерден басқа байланыс және жарық беру көліктері қарастырылған.

Шұғыл көмек көрсету үшін Өскемен әуежайында “Қазавиақұтқару” бөлімшесінің “Еврокоптер 145” бір тікұшағы орналасқан. ТЖ қызметінің жеке құрамының саны 2000-нан астам адамды құрайды.

Қыста жолға шығарда барлығын мұқият жоспарлап, кез-келген жағдайға дайын болғаныңыз жөн. Әрбір автомобильде шұғыл жағдайда адам өмірін құтқаратын заттар: дәнекерлеу шамдары, арқандар, доңғалақтарға арналған шынжырлар, күректер, сондай – ақ бірінші кезекте қажетті заттар болуы тиіс», – деп түйіндеді Тимур Дидахметов.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *