Риддерде төтенше жағдай режимі енгізіледі

10 мамырда Шығыс қазақстан облысы Риддер қаласының маңындағы орманда үлкен өрт шығып, желдің салдарынан қызыл жалын үдей түскен. Өрттің жалпы ауданы 283 гектарды құрады. Оның 15 гектары Риддер қаласының әкімшілік аумағына тиесілі. Қала әкімінің қаулысымен жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай жарияланды.

– Сағат 7:00-де елді мекен ішіндегі өрт сөндірілді. Оқиға орынынан тыс аумақ өртеніп жатқан жоқ. Қазіргі уақытта өрт сөндірушілер аумақтағы өртті толық ауыздықтауға күш салуда.

11 мамыр күні сағат 07:30-да барлау жүргізу және өрт алаңын нақтылау үшін «Қазәуе орман күзеті» мекемесінің тікұшағымен бақылау жүргізілді. Нәтижесінде 298 га болатын өрттің жалпы ауданы анықталды. Оның ішінде 283 га аумақ орман алаңы және 15 га Риддер қаласының әкімшілік аумағына тиесілі. Қазіргі уақытта өрт өшіріліп, орман шаруашылығының 138 қызметкері және 5 бірлік техникасы күзетуде, – деп хабарлады брифинг барысында ШҚО ТЖ департаменті бастығының орынбасары, азаматтық қорғаныс полковнигі Қанат Әбділов.

Өрт бес көшедегі 39 тұрғын үй мен 7 шаруашылық құрылыс учаскесіне қауіп төндірді. Сонымен қатар, 5 автокөлік өртеніп кетті. Мұндағы 83 адамның ішінде 10-ы – балалар. Бір адам қаза тауып, 2 адам күйік шалып, жансақтау бөлімінде жатыр.

ШҚО полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Елдос Закимов өрт фактісі бойынша Қылмыстық Кодекстің 204-бабы 2-бөлігі (бөтен мүлікті абайсызда жою немесе бүлдіру) бойынша қылмыстық іс қозғалғанын айтты.

– Күдікті ретінде Риддердің 35 жастағы тұрғыны ұсталды. Ол бұрын сотталмаған, жұмыс істеп жүрген. Оқиға орнында департамент қызметкерлері арнайы жедел тергеу тобын құрып, бейнекамералар тексерілуде. Сонымен бірге, куәгерлер мен айғақтар мұқият тексеріліп, тиісті сараптамалар тағайындалды. Қазіргі уақытта 15 тергеуші өртенген үйлерді қарап жатыр. Қылмыстық істі тергеу ІІМ бақылауында. Өзге ақпарат тергеу мүддесінде жария етуге жатпайды.

Қазіргі уақытта облыс әкімінің басшылығымен зардап шеккен халыққа көмек көрсету жұмыстары жүргізілуде.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *