ШҚО Зайсан ауданында малдың қырылу себептері анықталуда

28 сәуір мен 12 мамыр аралығында Зайсан ауданының Шілікті ауылдық округінде малдар жаппай қырылған. Мал иелерінің айтуынша, 12 бас ірі қара мал және 100 бас ұсақ мал (10 күндік қозы) өлген. Мамандар оқиғаның себебін анықтауда.

Бұл туралы тікелей эфир барысында ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Ертай Батхолдин мәлімдеді. Оның айтуынша Шілікті ауылдық округінде 17 азаматтан 100-ге жуық ірі қара, 110 бас қой мен ешкі дертке шалдыққан. Қазіргі уақытта Шілікті ауылдық округінің аумағында ветеринариялық дәрігерлер халықпен бірлесіп, ауру малдарды емдеу жұмыстарын жүргізуде.

Округ аумағын тексеру барысында 12 бас ірі қара малдың, оның ішінде 7 бас бұзау, 5 бас ірі қара, 1 бас қозының өлекселері анықталды. Мамандар 1 қозы мен 1 бұзаудың патологиялық материалдарын тексеруге алды.

– Аталған ауылдық округтегі барлық мал басы қыс мезгілінен көтерем шыққан. 25-28 сәуір аралығында ауа температурасының төмендеп, қар аралас жауын жауды. Осыған байланысты әлсіреген малдар қолайсыз ауарайы салдарынан өліп жатыр. Ауырған малдардан патологиялық сынамалар алынып, облыстық зертханаға тапсырылды, – деді ШҚО ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Ертай Батхолдин.

Ведомствоның мәліметінше, Шілікті ауылдық округінде барлығы 10 жарым мың бас ірі қара, 24 мыңнан астам ұсақ мал, 52 мың жылқы, 150 ит, 2343 құс, 52 мысық тіркелген. Мал жыл бойы жайылымда ұсталады.

2021 жылғы ветеринариялық-профилактикалық іс-шаралар толық көлемде орындалды. Атап айтқанда, нодулярлық дерматитке, эмкарға, құтыру, сібір жарасы, жұқпалы жылқы ауруларына қарсы уақтылы екпе салу жұмыстары жүргізілді. Шілікті ауылдық округінде соңғы 3 жылда мал шаруашылығы бойынша қауіпті індет тіркелмеген.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *