Қазақ радиосына – 100 жыл

Қазақ радиосының 100 жылдығына орай Өскемендегі А.С. Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасында Қазақ радиосының ардагері, жерлесіміз, режиссер Көкенай Камалиевпен онлайн кездесу өтті. Аталған шара Тәуелсіздіктің 30 жылдығын мерекелеу аясында ұйымдастырылып отыр.  Көкенай Камалиев 1937 жылы 18 ақпанда Зайсан ауданы, Көгедай ауылында дүниеге келген. 1956 жылы Зайсан ауданындағы «Благодарное» орта мектебін бітіреді. Сол жылы Қазақтың Мемлекеттік  Абай атындағы академиялық опера және балет театры жанынан тұңғыш ашылған студияға түскен. 1958 жылы студияны бітіріп, театрда 3-4 жыл жұмыс істеп, көптеген опералық қойылымдарға қатысқан. Ришат, Мүсілім Абдуллиндер, Қанабек Байсейітов, Құрманбек Жандарбеков, Кәукен Кенжетаев, Әнуарбек Үмбетбаев, Ермек Серкебаев, Роза Жаманова, Ғарифолла Құрманғалиев сынды өнер майталмандарымен бірге жүріп, спектакльдерде ойнап, ән салады. 
– 1961-1963 жылдары Зайсан ауданы Көгедай орта мектебінде музыка пәнінен сабақ беріп, көркемөнерпаздар ұйымын басқардым. Кейін аудан орталығы Зайсан қаласына шақырылып, 1963-1968 жылдары аудандық мәдениет үйінің директоры, халық театрының режиссері, мәдениет бөлімінің инспекторы қызметтерін атқардым. 1977-1997 жылдарда Республикалық Қазақ радиосында саяси хабарлар бас редакциясы мен «Алтын қор» редакциясында музыкамен көркемдеуші және дыбыс режиссеры қызметін істедім. Кейін сол жерден еңбек демалысына шықтым, – дейді Көкенай Камалиев.
– Биыл қазақтың рухани тірегі, ұлттың үні саналған – Қазақ радиосына 100 жыл толып отыр. Бүгін де Қазақ радиосының маңыздылығы зор. Ол кезде мынадай теледидар, телефон, ғаламтор желісі болмаған. Тек радио ғана бар. Балалық шағымыздан бастап, Қазақ радиосының үнімен, ертегі тыңдап бөстік. Осы радио біздің өмірдегі орынымызды табуымызға үлкен әсер етті десем артық болмас. Қазақ радиосы өз жұмысын бастағалы қазақ даласының түкпір-түкпірін жаңалықтармен қамтамасыз етіп отырды. Өкінішке қарай, қазір радионың орынын ғаламтор желісі басып, радио тыңдаудан шектеліп қалдық. Әрине интернеттің орыны өз алдына. Бізге радио керек, – дейді кітапхана қызметкері.
Шара барсында кейіпкеріміз Қазақ радиосының тарихын, басып өткен жолын баяндап, конференцияға қатысушы жастармен пікір алмасты.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *