Семейде “Отбасы банкі” АҚ қалалық филиалының салымшылары үшін

 “Бір қабатты Шығыс” өңірлік бағдарламасын іске асыруды бастады. Бұл туралы баспасөз онлайн-брифингінде “Отбасы Банк” АҚ Семей филиалының салымшылармен жұмыс жүргізу бөлімі бастығының орынбасары Алуа Төлеумұхаметова және “Семей Құрылыс Материалдары” ЖШС бас директоры Асхат Мирманов мәлімдеді.

– “Отбасы банкі “тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” АҚ мен қалалық әкімдіктің ынтымақтастығы аясында “Бақытты Отбасы”бағдарламасына қатысушылар үшін әрқайсысы 1 миллион теңге сомасына 70 тұрғын үй сертификаты бөлінді. Бұл ақшаны мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, көп балалы отбасылар (оның ішінде “Алтын алқа”, “Күміс алқа”, I және II дәрежелі “Ана даңқы” немесе “Батыр Ана” атағы бар көп балалы аналар) және толық емес отбасылар тұрғын үй сатып алу үшін бастапқы жарна ретінде пайдаланатын болады. 70 отбасы “Бір қабатты Шығыс” өңірлік бағдарламасы аясында облыс әкімі Даниал Ахметовтың бастамасымен салынған  тұрғын үй кешенінен жаңа  үй сатып ала алады”, – деді Алуа Төлеумұхаметова.

Жаңа үй кешенінен тек “Бақытты отбасы” бағдарламасына қатысушылар ғана емес, сонымен қатар “Шаңырақ” бағдарламасының 5-10-20 қатысушылары да үй сатып ала алады. Бұл үшін банктің  шотында тұрғын үй құнының 10% – ы мөлшерінде ең төменгі бастапқы жарнаның болуы шарт. Қахрыз жылдық 5%  көрсеткішпен 20 жылға дейінгі кредиттеу мерзімімен беріледі. Сондай-ақ, жаңа кешендегі жылжымайтын мүлікті әскери қызметшілер мен арнайы мемлекеттік органдардың қызметкерлеріне де береді.  “Отбасы банкте” арнайы ағымдағы шоттары бар тұрғын үй төлемдерін алушылар “Әскери баспана” бағдарламасы бойынша қарыз ресімдей алады.

“Бір қабатты Шығыс” бағдарламасы бойынша банк клиенттері кейіннен сатып алу құқығымен тұрғын үйді жалға ала алады. Ал депозитті жинақтау мерзімі үш жылдан аз, бірақ өз шоттарында тұрғын үй құнының 50% – ы бар клиенттер үшін аралық қарыз алу мүмкіндігі бар. Бастапқы мөлшерлеме жылдық 7 – ден 8,5% – ға дейін, кейіннен 5% – ға дейін төмендетіліп берілмек.

Қазіргі уақытта қаланың сол жағалау бөлігінің “Комсомол” кентіндегі тұрғын үйлерде қарқынды құрылыс жүріп жатыр. Электр желілері, су құбыры жүргізіліп,  асфальт төселіп, абаттандыру жұмыстары жүргізілетін болады. Құрылыс жоспарына сәйкес жалпы білім беретін мектеп, екі балабақша, модульдік дене шынықтыру-сауықтыру кешені, спорт және балалар алаңдарын салу жоспарлануда. Кәсіпкерлерге әкімшілік іскерлік орталық, қонақ үй кешені, көпсалалы сауда орталығы, дүкендер, дәріханалар және т. б. салу үшін жер учаскелері беріледі.

– Пәтерлер 1 шаршы метріне 140 000 теңге бағамен сатылатын болады. Бұл Семейдегі тұрғын үйдің нарықтық бағасынан 25% – ға арзан. Сарапшылардың мәліметінше, қазір Семейде 1 шаршы метр тұрғын үйдің орташа құны 175 000 теңгені құрайды. Биыл жалпы ауданы 45 000 ш.м. 50 жеке тұрғын үй және 2022 жылға жалпы ауданы 6 750 ш. м., жеке инвестициялар көлемі 2 млрд. теңге болатын 75 тұрғын үй салу жоспарлануда.

 Алғашқы кезеңде 14 үй пайдалануға берілді. Оның ішінде жалпы ауданы 83,9 ш. м. екі пәтерлі 11 үй және жалпы ауданы 116 ш. м. 3 бір пәтерлі тұрғын үй. Барлық аумақ қоршалып, 10 сотық жер телімі қоса беріледі, – деді “Семей Құрылыс Материалдары” ЖШС бас директоры Асхат Мирманов.

Семей қ. ақпараттық орталығы

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *