МЕКТЕПТЕРДЕ ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫ ДӘСТҮРЛІ ШТАТТЫҚ ФОРМАТТА БАСТАЛАДЫ

ШҚО Өңірлік коммуникациялар қызметінде жаңа оқу жылына дайындық тақырыбында онлайн баспасөз конференциясы өтті.
Конференцияға ШҚО білім басқармасының басшысы Сайрангүл Жұмаділова мен ШҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Сәуле Слямғазина қатысты. Белгілі болғандай, мектептерде жаңа оқу жылы карантин талаптарын сақтай отырып, дәстүрлі штаттық форматта басталады.
 
– Шығыс Қазақстан облысында барлығы 647 жалпы білім беретін мектеп бар. Контингенті 193 553 оқушыны құрайды. Оның 21 мыңы бірінші сынып оқушылары. Облыстың барлық мектептері оқушыларды қабылдауға дайын. Оқулықтар жеткілікті. Мектептер 100% бейнебақылау камераларымен жабдықталған, дабыл түймелері мен турникеттер бар, – деді ШҚО білім басқармасының басшысы Сайрангүл Жұмаділова.
 
Алғашқы қоңырау «Кел, балалар, оқылық!» тақырыбында ұйымдастырылады, бірінші сынып оқушыларына “Әліппе” алғашқы оқулығы табысталады. Іс-шарада бірінші сынып оқушыларының ата-аналарының бірінің қатысуына рұқсат беріледі. 2021 жылғы 1 қыркүйекте 2-11 сыныптарда Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған “Тәуелсіздіктің жетістіктері” тақырыбында бірыңғай сынып сағаты өткізіледі.
 
COVID-19 коронавирустық инфекциясы бойынша эпидемиологиялық жағдайға байланысты биыл мектептерде оқыту санитариялық-эпидемияға қарсы іс-шараларды және күшейтілген медициналық бақылауды сақтай отырып ұйымдастырылады. Сондай-ақ, облыстың барлық оқу орындары “Ashyq” жобасына қосылған. Мектептер қорғаныс құралдарымен жабдықталған. Бүгінгі күні облыста білім беру ұйымдарының 29 562 педагогы, оның ішінде 21 251 мектеп педагогы вакцинацияланды.
 
Баланың немесе оның туыстарының COVID-19 инфекциясын жұқтыру жағдайы туындаған кезде оқушы қашықтықтан оқыту форматына көшеді. Ол үшін сабақ оқуына жағдай жасалып, ноутбуктер ұсынылады.
 
– Оқушылар үшін де, педагогтар мен қызметкерлері үшін де күнделікті “кіру” сүзгісі қамтамасыз етілген. Бұқаралық іс-шараларды өткізуге, сондай-ақ Мектепке дейінгі және орта білім беру ұйымдарында топтар мен сыныптарды біріктіре отырып іс-шаралар өткізуге тыйым салынады. Зертханалық, практикалық сабақтарды қоспағанда, кабинеттік оқыту жүйесі жойылады. Яғни, “бір сынып – бір кабинет” қағидасы қолданылады, – деді ШҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Сәуле Слямғазина.
 
Үзіліс туралы айтатын болсақ, олар 10 минуттан және әртүрлі уақытта болады. Асханалардың жұмысы да кестеге сәйкес ұйымдастырылады. Ыстық тамақпен, аз қамтылған және көп балалы отбасылар тізіміне кіретін 37 мың оқушы тегін қамтамасыз етіледі. Осы санаттағы 44 мың бала тегін мектеп формасы мен аяқ киімін алды. Облыста мектептері жоқ 220 елді мекеннен 3 020 бала үшін 195 автобуспен 134 білім беру ұйымына тасымалдау ұйымдастырылған. Соңғы үш жылда 96 автобус, оның ішінде осы жазда 3 мың баланы тасымалдау үшін 26 жаңа мектеп автобусы сатып алынды.
 
Мектеп интернаттары мен жатақханалардың жұмысы барлық санитарлық нормаларды сақтай отырып ұйымдастырылады. Кіру “Ashyq” жобасы бойынша жүзеге асырылады.
 
Жатақханаға тұруға covid-19-ға қарсы вакцинациясы бар студенттер рұқсат алады. Сондай-ақ, 18 жасқа толмаған, тұрақты медициналық қарсы көрсетілімдері бар және соңғы 3 ай ішінде COVID-19-мен ауырған студенттерге де рұқсат бар. Шетелдік студенттерге тұратын елдің уәкілетті органы берген вакцинациялау анықтамасымен/паспортымен расталған COVID-19-ға қарсы вакцинациялау, сондай-ақ, алған сәттен бастап 3 тәуліктен аспайтын уақыт өткен COVID-19-ға ПТР тестілеудің теріс нәтижесі болған кезде Қазақстан Республикасының аумағына кіруге рұқсат етіледі.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *