19 қаңтарда православие дінінің өкілдері шоқыну рәсімін атап өтеді

Алайда, биылғы эпидемиологиялық жағдайға байланысты бірқатар шектеулер енгізілді. Бұл күні семейліктерді көпшілік жиналатын орындарға барудан бас тартуға тура келеді. Сондай-ақ, шоқыну мерекесінде су айдындарында профилактикалық рейдтер жүргізіледі. Бұл туралы АКҚ-де өткен онлайн баспасөз мәслихатында айтылды.

– Біз қала тұрғындарын жаппай жиналатын орындарға бармауға және ойыққа шомылмауға шақырамыз. Сонымен қатар, су алу кезінде 1,5-2 метрлік қашықтық туралы да ұмытпаулары керек. Шіркеуге барған кезде де осындай талаптарды сақтау керек”, – дейді Өнеркәсіптік және коммуналдық нысандарды қадағалау бөлімінің бастығы Ардақ Барлықанова.

Воскресенский шіркеуінің өкілдері де ойыққа шомылудан бас тартуға шақырады.

– Биылғы жылы шоқыну мерекесі ШҚО-ның басқа аймақтар сияқты коронавирустың таралуы бойынша қызыл аймаққа енуімен қиындай түсті. Жағдайдың нашарлауын және адамдардың жаппай жұқтырылуын болдырмау үшін бірқатар шаралар қабылдануда. Орыс православие шіркеуі келушілер үшін қажет нәрсенің бәрін жасады. Құдайға құлшылық ету үшін әркім өзіне ыңғайлы уақытта бара алады. Түн ортасынан бастап қасиетті суды тарату басталады, – деді Семей қаласының Воскресенский шіркеуінің басшысы, иерей Вячеслав Гутов.

Қасиетті суды таратқан кезде шіркеуде полиция қызметкерлері кезекшілік етеді. Сондай-ақ Ертіс өзенінің бойында және қаланың Затон бөлігінде шомылуға жол бермеу бойынша рейдтер жүргізіледі.

–  Семей қ.ТЖБ жеке құрамы судағы азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Ертіс өзенінің акваториясында рейдтік іс-шаралар өткізетін болады. Жіңішке, бекітілмеген мұзға шығуға, мұздың жекелеген учаскелерінде топтармен жиналуға, шұңқырларға, жарықтарға, ойықтарға жақындауға және көлік құралдарымен мұзға шығуға тыйым салынады. Қаланың барлық тұрғындары мен қонақтарынан қалыптасқан жағдайға түсіністікпен қарауды сұрағым келеді, – деп қорытындылады Семей қ. ТЖБ ескерту бөлімінің бастығы, азаматтық қорғаныс майоры Болат Ағыманов.

Семей қ. ақпараттық орталығы

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *