ШҚО-да бөлшек саудада тұтынушылардың құқықтары жиі бұзылады

Бұл туралы Шығыс Қазақстан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары Қанат Жеңісбекұлы айтты.

“2022 жылы тұтынушылардың құқықтарын қорғау Департаментімен 731 өтініш қаралды. Ақшалай қайтарым сомасы 26 млн 626 мың 879 теңгені құрады, оның ішінде бөлшек сауда саласында 14 млн 248 мың 821 теңге”, – деді Қанат Жеңісбекұлы.

Сондай-ақ, ол халықты сапасыз тауарларды сатып алу кезінде туындайтын мәселелер, айырбастау және қайтару, тұрмыстық қызметтерді сапасыз ұсыну, жиһаз, терезелер мен есіктерді дайындау, жөндеу және т. б. мәселелер көбірек алаңдататынын атап өтті.

“2022 жылы Департаментпен жоспардан тыс 2 тексеру жүргізілді, оның ішінде: “Бест Прайс Қазақстан” ЖШС, “Мегастрой ӨСКЕМЕН” ЖШС. Жүргізілген тексерулердің нәтижелері бойынша әкімшілік жазалар қолданылып, тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы бұзушылықтарды жою туралы ұйғарымдар шығарылды. Осылайша, өткен жылы кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтық сауаттылығы артты деп санаймыз”, – деп атап өтті спикер.

Бұдан басқа, Департамент “Аманат” тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі қоғамдық бірлестігімен бірлесіп, Өскемен қаласындағы Б.Момышұлы көшесі, 14 мекенжайы бойынша сапасыз салынған тоғыз қабатты тұрғын үйге қатысты бірегей сот процесін жеңіп шықты. Осылайша тұтынушылық дау реттелді және 308 млн. теңге сомасына 162 тұтынушының құқықтары қорғалды.

“Департамент тұрақты негізде өңірдің ЖАО басшыларымен жұмыс кездесулерін өткізеді, онда тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласын дамыту мәселелері талқыланады”, – деп қорытындылады ШҚО сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *