Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданының бірқатар ауылдарында жаңа шекаралар бекітілді. Өзгерістер Мамай батыр, Айыртау, Бозанбай, Таврия, Тарғын, Сағыр ауылдарына әсер етті. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингі барысында Ұлан ауданының әкімі Ренат Құрмамбаев айтып берді.
“Елді мекендердің шекарасын ұлғайту себептерінің бірі жайылымдық жерлерді жергілікті тұрғындар өз малдарын еш қиындықсыз жаюы үшін ауыл шегіне қосу болып табылады”, – деп түсіндірді Р.Құрмамбаев.
Сонымен қатар, аудандағы жер өзгерістері туралы айта келе, спикер 2022 жылы жалпы ауданы 21,2 мың га болатын 68 жер учаскесі иесіз жер санатына ауыстырылғанын хабарлады.
“Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың иесіз немесе мақсаты бойынша пайдаланылмайтын жерлердің бар-жоғын тексеру жөніндегі тапсырмасын орындау үшін “Колдау” веб-порталында жалпы ауданы 102 мың га болатын 154 жер пайдаланушы анықталды. 14,5 мың га, 79 жер пайдаланушы жалпы ауданы 86,979 мың га ӨИС базасы бойынша мал басын сәйкестендірді”, – деді Ренат Құрмамбаев.
Бұдан басқа, жүргізілген мониторингке сәйкес жер қатынастары бөлімі қосымша 20,1 мың гектарға 21 акт жолдады, барлығы 34,6 мың гектарға 95 тексеру актісі жолданды.
“Сондай-ақ,”Ғарыш Сапары” веб – порталында 894 карточка анықталды, оның 827-сі пысықталып,”ШҚО бойынша жер ресурстарын басқару департаментіне” жіберілді. Бұдан басқа, республикалық заңнаманы бұза отырып, ауыл шаруашылығы жерлерін пайдаланатын 16 субъектіден 20 есе жер салығын өндіріп алу туралы жұмыс жүргізілді. Нәтижесінде аудан бюджетіне қосымша 3,2 млн. теңге түсті”, – деп толықтырды Ұлан ауданының әкімі.