Ағымдағы жылы ШҚО Ұлан ауданында 4 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр

Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз конференциясында Ұлан ауданының әкімі Думан Рахметқалиев 2023 жылы ауданда 4 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатқанын айтты.
– Бізде 1 090 млн теңгеге «Agro Vostok LTD» ЖШС-нің ет және сүт өнімдерін өндіретін фермасының құрылысы жүргізіліп жатыр, жоба іске асырылғаннан кейін 4 мың тонна сүт, 38 тонна ірімшік өндіру және 10 жаңа жұмыс орнын құру күтіледі. Сондай-ақ 1 млн теңгеге 300 басқа арналған «Багратион-2» шаруа қожалығының тауарлы-сүт фермасының құрылысы жүргізіліп жатыр, осы жоба толық іске асырылғанда жылына 1,6 мың тонна сүт өндіру күтілуде, – деді Думан Рахметқалиев.
Сондай-ақ спикер 400 млн теңгеге «Жаңартау КЗ» ЖШС 1000 басқа арналған бордақылау алаңының құрылысы туралы айтып өтті.
– «Агрокомплекс Донское» ЖШС 500 млн теңгеге жылыжай кешенінің құрылысы жүргізіліп жатыр. Жоба іске асырылған соң жылына 1 мың тонна көкөніс өндіріліп, 33 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде, – деді Д.Рахметқалиев.
Оның сөзінше, 2022 жылдан 2023 жылға дейін жалпы сомасы 1,4 млрд теңгені құрайтын 57 жоба іске асырылды. Ал ағымдағы жылы халықтың табысын арттыру үшін «Ауыл Аманаты» пилоттық жобасы іске асырылуда.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *