«ЖАСЫЛ МЕКТЕП» ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ЖОБАСЫ ӨТТІ

        Қалалық білім бөлімінің және № 3 мектеп кешенінің ұйымдастыруымен «жасыл» технология аталатын инновациялық конкурс ұйымдастырылды.

        Конкурсқа 17 команда қатысты. Онда Шәкәрім университеті студенттері, физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары, жалпы білім беретін мектептердің 10-11 сынып оқушылары өздерінің стартап-идеяларымен бөлісті. Конкурсқа түскен жобаларда маңызды экологиялық мәселелерді шешудің жолдарын қарастырылды. Атап айтқанда, жеке меншік үйлерді жылыту, тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдеу, кәріз суларын тазалау және қайтара пайдалану, өндірістік және тұрмыстық үйлердегі энергия көздерінің баламасын табу, көшелерді жарықтандыру, көліктерден шығатын газдарды азайту тәрізді мәселелер талқыланды. Қатысушылар экоүй, экомектеп, эконысан, экоқала тәрізді секцияларда өздерінің жобаларының технологиялық шешімдерімен бөлісті.

        Конкурсқа қатысушылардың жобаларын химия, биология, физика, математика мамандарынан құралған әділқазылар бағалады.

        – Конкурсқа қатысушылар жоғары дайындықпен келгендерін байқатты. Орындалған жұмыстардың сапасына қарап, таң қалдық. Соңымыздан лайықты жастардың өсіп келе жатқанына қуаныштымыз. Осындай байқаулар болашақ мамандар үшін өте пайдалы болмақ,- дейді Шәкәрім университетінің « Франшиза және технология орталығының» жетекшісі.

        Конкурс қорытындысы бойынша Назарбаев зияткерлік мектебінің командасы «Биогаздық қондырғы» жобасымен гранпри жүлдесін жеңіп алса, бірінші орынға № 3 жалпы білім беретін орта мектептің «Экоүй», Назарбаев зияткерлік мектебінің «Экомектеп, «Экоқала»» секциялары, екінші және үшінші орындарға № 22 және № 32 жалпы білім беретін орта мектептер, сондай-ақ № 37 гимназия мен Шәкәрім университетінің студенттері ие болды.

        – Конкурс талқысына көптеген қызықты жобалар ұсынылды. Жеңіске заманауи, «жасыл» технология бойынша ілгерілеушілік пен маңызды, болашағы бар жобалар жеңіске жетті. Осы жобалардың біреуі іске асатын болса, бұл алға қадам басудың бастауы болмақ,-дейді Семей қаласындағы электротехникалық колледждің бөлім меңгерушісі Айгерім Саниязова.

        Семей қалалық ақпарат орталығы

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *