Биыл мектеп оқушылары ББЖБ мен ТБЖБ онлайн тапсыратын болады

Оқу жылының соңына дейін бір ай уақыт қалды. 25 мамырда барлық мектептерде оқу жылы аяқталады. Қалалық білім бөлімінің басшысы Наталия Фесенко брифингте қорытынды емтихандарды тапсыру және аттестат алу барысы туралы айтты.

– Оқушыларды жиынтық бағалау осы жылы қашықтықтан, онлайн режимінде өткізіледі. Тапсырмаларды мұғалімдердің өздері дайындайды. 1-4 сыныптарда жиынтық бағалауды өткізу уақыты реттелмейді. Министрдің бұйрығына сәйкес, 1-4 сынып оқушыларына екіден көп емес тапсырма, 5-10 сынып оқушыларына бес тапсырмадан артық тапсырма болмауы керек, – дейді Наталия Фесенко.

Егер пән аптасына екі немесе одан да көп рет оқытылса, ББЖБ 4 мамырдан бастап 11 мамырға дейін өтеді. Егер пән аптасына бір рет оқытылса, онда ББЖБ 11-15 мамырда өтеді. Ал 18-22 мамыр аралығында тоқсандық жиынтық балл қойылатын болады.

11-сыныпқа келетін болсақ, олар үшін бақылау жұмыстар 18-22 мамыр аралығында өтеді. Баға тоқсанның қорытындысы бойынша қойылады. Қорытынды және аударма емтихандары болмайды.

Сонымен қатар, күніне үш ББЖБ немесе ТБЖБ жүргізуге болмайды. Бүгінгі таңда мектептер емтихан кестесін жасауда. Емтихан тапсыру кезінде оқушылар тек академиялық адалдық ережелерін сақтауға міндетті.Ата-аналарға емтихан тапсырмаларын орындау кезінде балаға көмектесуге болмайды. Биылғы жылы мектеп оқушыларына арналған соңғы қоңырау да онлайн шырқалады. Ал мектеп бітіру куәліктің қай режимде берілетіні әлі белгісіз.

– Қорытынды бағалар негізінде оқушыларға мектеп бітіру куәліктері толтырылып, маусым айында беріледі. Ал қандай форматта өтетіндігі, жағдайға байланысты болады. Егер жағдай жақсарса, бізге аттестаттарды алдағы уақыттағыдай тапсыру туралы тапсырма беріледі. Қалай болғанда да, мектеп бітіру куәлігі әр оқушыға дайындалып, беріледі, – дейді Наталия Фесенко.

Биылғы ҰБТ маусымның соңында өтеді. Әзірше барлық дезинфекциялау шараларын сақтай отырып, алдағы жылдағыдай өткізу жоспары әзірленді және бүгінгі күні балалар ҰБТ-ға толық дайындалып жатыр.Онлайн тіркелу басталып кетті. Әртүрлі сайттарда тестілеудің 70-тен астам нұсқасы орналастырылған, олардың көмегімен балалар ҰБТ-ға дайындала алады.

Оқушылардың жазғы демалысы туралы айтатын болсақ, қалалық және мектеп жанындағы лагерьлер балаларды жазғы демалысқа 15 маусымнан бастап қабылдауға дайындалуда.

Егер жағдай қалыпқа келтірілсе, онда балалар қала сыртында демалуға немесе мектеп жанындағы лагерьге баруға мүмкіндік алады. Егер де карантиндік шаралар жалғасып жатса, жазғы демалыстарды қашықтан ұйымдастыру мүмкіндігі де пысықталуда.

Семей қаласының ақпараттық орталығы

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *