ШҚО кәсіпкерлері медициналық мекемелерге қайырымдылық көмек көрсетті

Шығыс Қазақстан облысындағы стационарлар қажетті санитарлық құралдармен қамтамасыз етілгеніне қарамастан, еліміздегі жағдайға бейжай қарамайтын өңір тұрғындары көмек көрсету жұмыстарын жалғастыруда.

Айта кетейік, Шығыс Қазақстанда инфекциялық және провизорлық төсек қорын көбейту мен қажетті құралдарды жабдықтауға баса назар аударылуда.

Бүгінгі күні өңірімізде 498 оттегі концентраторы, 196 ӨЖЖҚ мен 50 аппарат бар, сондай-ақ 57 цифрлық рентгенге қосымша 10 құрал сатып алынды.

Бұдан бөлек 200 монитор, 200 инфузомат, 3 ЭКМО, 178 пульсокметр, 12 ӨЖЖҚ, оның ішінде екеуі балаларға арналған, 1 компьютерлік томография аппаратын сатып алу жоспарлануда.

Коронавируспен қарсы күресте «Niet.Woman» бизнес-бірлестігі де шетте қалмады. Көптеген аурухана басшылығымен кеңесіп, қайырымдылық шарасы аясында Өскемендегі медициналық мекемелерге 70 оттегі концентраторы мен 10 мың қолғап (перчатка), 10 мың бетперде (маска), 70 қорғаныс киімін алып берді.

«Niet.Woman» АҚ бизнес-бірлестігінің төрайымы Эльвира Аллахвердиеваның айтуынша, медицина қызметкерлеріне қолдау көрсетуге басқа да бірлестіктер атсалысып, демеушілік көрсеткен.

– Біз белсенді әлеуметтік ұстанымды қолдаймыз. Сондықтан шетте қала алмадық. Аурудың соңы неге әкеліп соққанын көрдік. Сол себептен ауруханалар мен дәрігерлерді қолдауға қаржы бөлдік. Бұл қайырымдылық шараға үлес қосқан демеушілерімізбен қала тұрғындарына алғысымды білдіремін. Біздің бірлескен жұмысымыз оң көрсеткіштерге қол жеткізуге септігін тигізетіні анық. Ең бастысы, адамдарға қол ұшын беріп, бірлігімізді сақтайық, – деді Эльвира Аллахвердиева.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *