ШҚО-дағы арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарының бірі коронавирус кезінде қалай жұмыс істеп жатқанын айтып берді

Коронавирус пандемиясы кезінде ШҚО-дағы Зимовьевка арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директоры Ирина Феклистова аталмыш мекеменің қалай жұмыс істеп жатқаны туралы айтып берді.
Зимовьевка арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы талай жылдан бері денсаулығы ерекше күтімді қажет ететін адамдарға қамқорлық көрсетіп келеді. Бұл мекемеде ем қабылдап, оңалту курсынан өткен пациенттердің дені қоғамдағы қалыпты өмір сүруге көшкен. Облыстағы мемлекеттік органдардың қолдауымен мұндағы оңалту бөлімшесінің жағдайы жақсартылды. Биыл бұл орталықтың қамқорлығындағы екі адам оңалтудың толық курсынан өтіп, қалыпты өмірге дайындалуда.
Ағымдағы жылы аталмыш мекеменің жұмысына коронавирустық инфекцияға байланысты өзгертулер енгізілді. Бұл орталықта тұратын адамдардың дені аталған вирусты жұқтыру қаупі жоғары топқа жатады. Сондай-ақ вирус қызметкерлер мен келушілерге де жұғуы мүмкін.
Зимовьевка арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директоры Ирина Феклистованың айтуынша, карантин кезінде мекеме қамқорлығындағы адамдар мен қызметкерлердің қауіпсіздігі үшін мұндағы жұмыс уақыты вахталық режимге ауыстырылған. Соған орай қызметкерлер екі апта сайын кезектесіп, еңбек еткен екен. Қазіргі уақытта вахталық әдіс алынып тасталды. Мекеме бұрынғы жұмыс режиміне көшті. Барлық санитарлық талаптар қатаң сақталады.
Ирина Юрьевнаның айтуынша, орталықтың дамуына облыстық әкімдік үлкен қолдау көрсеткен. Бұдан бөлек, мемлекеттік және банк қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы мен «Қызмет» қоғамдық қызмет көрсету  орталығы қол ұштарын берген.
– «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында еңбек терапиясы корпусына жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ мекеме аумағы абаттандырылды. Ең бастысы, жаңа модульдік қазандық салынып жатыр. Әйтпесе, бұған дейін 58 жыл бойы жөндеуден өтіп келе жатқан қазандықты пайдаланып келгенбіз, – деді Ирина Феклистова. 
 «Вместе мы сможем больше» акциясы аясында орталыққа кәсіподақ тарапынан материалдық көмек көрсетілді. Мекеме қызметкерлеріне арнап жеке медициналық қорғаныс құралдары мен азық-түліктер сатып алынды. Сонымен қатар жалғызбасты және көп балалы аналардың балаларына көмек көрсету мақсатында аяқ киімдерге тапсырыс берілді.
Кәсіподақ төрайымы Сәуле Самарханованың айтуынша, кәсіподақ қызметкерлердің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға және әрбір қазақстандықтың ертеңгі күнге сеніммен қадам басуына көмек көрсетеді.
– Біз карантин кезінде мониторинг жасап, кәсіподақ мүшелеріне материалдық және әлеуметтік көмек көрсетуге тырысып келеміз, – деді Сәуле Самарханова.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *