ШҚО-дан 1,5 мыңнан астам азамат көктемгі әскер қатарына шақырылмақ

1 наурыздан 31 маусымға дейін көктемгі әскер қатарына шақыру науқаны өтеді. Баспасөз конференциясы барысында ШҚО қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары Еркеш Бекбаевтың айтуынша, өткен жылы Шығыс Қазақстан облысынан Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін, басқа да әскери құралымдарын жасақтауға 2500-ден астам азамат шақырылып, жіберілген.

– Азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру экстерриториялық қағидат бойынша, шақыруға тапсырманың пропорционалды бөлінуін ескере отырып жүргізілді, – деді Еркеш Бекбаев. – Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін, басқа да әскери құралымдарын жас толықтырулармен жасақтау жөніндегі іс-шараларды жергілікті әскери басқару органдары орындады, бұл туралы Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің басшылығы атап өтті.

Көктемгі шақыру 1 наурыздан басталып, 31 маусымға дейін жалғасады. Осы кезеңде ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің, ҚР Қарулы күштерінің, Мемлекеттік күзет қызметінің, төтенше жағдайлар министрлігінің, ҚР Ұлттық ұланының әскери бөлімдері үшін командалар құрылады. Шығыс Қазақстанда 1500-ден астам адамды шақыру жоспарлануда.

Естеріңізге сала кетейік, 18-27 жас аралығындағы денсаулық жағдайы бойынша жарамды және мерзімді әскери қызметке шақыруды заңды түрде кейінге қалдырмаған ер азаматтар әскерге шақырылуға жатады.

Еркеш Бекбаев атап өткендей, медициналық куәландыру және азаматтарды командаға іріктеу іс-шаралары санитарлық нормаларды сақтай отырып, міндетті түрде ПТР зерттеуге талдау тапсыра отырып, ШҚО облыстық жинау пунктінде өткізілетін болады.

Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайту және азаматтардың сенімін арттыру мақсатында Қорғаныс істері жөніндегі департаментте «Қарулы Күштері – Адалдық Алаңы» фронт-офисі ашылды.

Фронт офис Өскеменде, Новаторлар көшесі, 18 мекенжайында, Қорғаныс істері жөніндегі департаменттің бірінші қабатында орналасқан. Фронт-офис демалыс және мереке күндерін қоспағанда, күн сайын сағат 9.00-ден 18.00-ге дейін жұмыс істейді.

Мамандар азаматтарды қабылдайды және мәселелерді басқа органдарға жібермей және қысқа мерзімде шешеді.

Сұрақтар бойынша Call-орталықтың 8 702-900-40-01, 8 (7232) 26-30-25 телефон нөмірлері арқылы хабарласуға болады.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *