Шығыс Қазақстанның денсаулық сақтау саласына 2020 жылы 37 млрд теңге салынды. Биылғы жылға қандай жоспарлар бар?

COVID-19 пандемиясы халықтың денсаулығын сақтау міндетін алға тартты. ШҚО медициналық мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға ерекше көңіл бөлінді.

Облыс әкімі Даниал Ахметов Халық алдында есеп беру барысында 8,3 млрд теңге сомаға қосымша 174 ӨЖЖ аппараты, 10 рентген-аппараты, 3 ЭКМО, 3 компьютерлік томограф, заманауи жабдықтармен жабдықталған 216 жедел жәрдем автомобилі сатып алынғанын айтты. Сонымен қатар, қомақты қаражат денсаулық сақтау нысандарын жөндеуге және олардың құрылысына да бөлінгенін атап өткен жөн. Жалпы, өткен жылы өңірдің денсаулық сақтау саласына барлық көздерден 37,3 млрд теңге салынды.

Өңір басшысы қазіргі таңда коронавируспен ауырғандарға уақытылы және сапалы медициналық көмек көрсету мақсатында 41 инфекциялық стационар жұмыс істеп тұрғанын, толық медициналық жабдықталған 6 300 төсек-орын ұйымдастырылғанын атап өтті. КВИ бірінші жағдайы тіркелген сәттен бастап төсек саны 12 есеге артты.

Халықты ПТР-зерттеулермен қамтуды ұлғайту үшін облыста тәулігіне жалпы қуаты 16 мың сынаманы құрайтын 22 зертхана бар. Сондай-ақ иммундық плазманы дайындау бойынша күрделі жұмыстар жүргізілуде. Донорлыққа 7 мың адам тартылды, әртүрлі қан топтарының 4 мың дозасы дайындалды, оның 1000-нан астам дозасы КВИ бар пациенттерге құйылды. Эпидемиологиялық жағдайды бақылау және жедел шаралар қабылдау үшін ошақтарды оқшаулаудың бірегей орталығы құрылды.

Пандемиямен күреске қарамастан, жетекші шетелдік клиникаларда мамандарды оқыту жалғасуда. Өткен жылы әлемдік деңгейдегі 5 мастер-класс өткізіліп, ядролық медицина орталығының, Алтай мен Аягөз инсульт орталықтарының, ана мен бала орталығы жанындағы оңалту бөлімшесінің дәрігерлері өз біліктіліктерін арттырды. Жобаны іске асыру басталғаннан бері 5,5 мыңнан астам маман оқытылды.

Медициналық көмектің сапасын арттыру мақсатында сапалы босандыруға қолжетімділік және ана мен баланы қорғау жөніндегі бағдарлама іске асырылуда. Медициналық мекемелер қызметін 3 ауылдық медициналық ұйым үшін І деңгейге, 9 аудандық және 2 ауданаралық аурухана үшін І деңгейден ІІ деңгейге ауыстыру жоспарланған, бұл аса күрделі босандыруларды өткізуге және салмағы 1500 грамнан басталатын нәрестелерді күтуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, ІІІ деңгейлі перзентхананың жабдықтарымен жарақтандырылып, бұл салмағы 500 грамнан басталатын нәрестелерді күтуге мүмкіндік береді.

Облыс әкімінің айтуынша, 2021 жылы барлығы 4,1 млрд.теңгеге, оның ішінде 3,3 млрд. теңгеге ана мен балаға медициналық жабдықтар сатып алынады.

Сондай-ақ балалар мен ересектерге арналған мамандандырылған гематология орталығының құрылысы жалғасуда. Оны 2022 жылы пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Осылайша, гематология, ядролық медицина, роботтандырылған хирургия орталықтарын бірыңғай жүйеге біріктіре отырып, медициналық туризмді дамытуға негіз болатын қуатты медициналық кластер құрылады, –

деп атап өтті Даниал Ахметов.

Осы жылы ШҚО әкімі облыс денсаулық сақтау басқармасына мамандарды оқытудың үш деңгейлі бағдарламасын 3 жылға (2021-2024 жж.) түзету, медицина қызметкерлері үшін үздіксіз білім беру жүйесін іске асыруды жалғастыруды, Семей қаласының Жедел медициналық жәрдем ауруханасының пациенттері мен медициналық персоналы қауіпсіздігінің халықаралық стандартына сәйкес JCI аттестаттауды өткізуді, Ядролық медицина орталығының базасында радиойодтерапия жүргізе отырып, радионуклидтік терапия бөлімшесін ашуды тапсырды.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *