Тәуелсіздікке 30 жыл: Семейде Алғыс айту күні аталып өтті

Бүгін бүкіл ел «Алғыс айту» күнін атап өтуде. Мереке еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған еді. Бұл күні көпұлтты Қазақстан халқы депортация жылдарындағы мейірімділігі мен көрсеткен қонақжайлылығы үшін бір-біріне алғыс білдіреді.

Бұл ретте Қалалық Достық үйі де шетте қалмады. Апта бойы алты этномәдени орталықтың өкілдері  танымал жандармен кездесулер өткізіп, өз халқының тарихы және мәдениетімен бөлісті. Мерекеге орай Достық үйінде мерекелік іс-шара өтті. Қалалық ұлттық мәдени орталықтардың өкілдері әр түрлі тілдерде алғыс сөздерін айтып, шағын челлендж ұйымдастырды.

– 2016 жылы Алғыс айту күні бекітілді. Бұл қуғын-сүргін және депортация жылдарында жергілікті тұрғындар мұқтаж жандарды баспанамен қамтып, қолұшын созған қазақ халқына алғыс айту күні. Сол жылдары Қазақстан жеріне 6 миллионнан астам адам жер аударып, ал Қазақ жері жатсынбай, бұл адамдарды қуана қабылдаған еді.  Біз тек бүгін  ғана емес, әр күнде  бір-бірімізге алғыс айтуымыз керек. Біздің халықтарымызды  көп жағдай байланыстырады. Кеңес заманында “Украина – Қазақстан” әні өзекті болған еді. Онда  халықтарымыздың ортақ достығы шырқалатын. Біз оны өмір бойы бағалап, қолдауға тиіспіз, – дейді “Мрія” украиналық орталығының жетекшісі Татьяна Вагнер.

Сондай-ақ, кездесуде қоныс аударғандардың Қазақстанға қалай келгені және алғашқы кездегі қиыншылықтары айтылды. Көптеген жылдар бұрын елге жер аударған ата-анасының өмірлік тарихымен неміс қоғамдық “Возрождение”  қозғалысының төрағасы Лилия Гончарук бөлісті.

–  Қазақстанға немістер қайдан келді? деген сұрақ көптің көкейінде. Оның негізгі бөлігі 1941 жылғы Жарлыққа байланысты келді. Бұл адамдар мұнда өз еркімен келген жоқ. Әрине,  алғашқы күндер қиыншылықпен өтсе де, жергілікті тұрғындар бұл адамдарға жылулық пен қамқорлығын аямады.Бұл туралы ата-анам үнемі айтатын. Менің әкем Кавказдан, ал анам Волгоград маңындағы ауылдан. Олар осы жерде отбасын құрып, мен  дүниеге келдім. Менің ата-анам Үржар ауданына келіп,  Киров атындағы фермада болды. Онда немістер, орыстар, қазақтар, татарлар және басқа ұлт өкілдері жұмыс істеген. Ата-анам тауқыметі көп ауыр жұмысты  бастан кешірді. Бірақ әкем айтқандай, Қазақстандағы немістерге Сібірге қарағанда жеңіл болды. Мұнда оларға адамгершілікпен тұрғысында жақсы қараған. Біз мұны өмір бойы есте сақтаймыз”, – деп қорытындылады Лилия Гончарук.

Кездесу соңында жиналғандар бір-біріне жылы қарым-қатынасы үшін тағы да алғыс айтып, өткізілетін кездесулердің болашақ ұрпақ үшін маңыздылығын атап өтті.

 

ШҚО «Шығыс ақпарат» ЖШС АКҚ Семей қаласының ақпараттық орталығы

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *