Семейде Халықаралық әйелдер күніне арналған фотокөрме ашылды

8 наурыз Халықаралық әйелдер күні қарсаңында қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі тақырыптық фотокөрме ұйымдастырды. “Аса мәртебелі-Әйел” атауымен ұйымдастырылған көрменің басты мақсаты- дүйім көпшілікті қаланың дамуына үлес қосқан нәзікжандылармен таныстыру.

 

– Ертеден бері әйелдің қоғамдағы, отбасындағы  рөлі ерекше болды. Ол әр үйдің ақылшысы, қамқоршысы, жылулық пен мейірім сыйлайтын жан саналған.

Қазіргі ақпараттық технологиялар әлемінде әйелдер қоғамдық жұмыстарға белсене қатысып, әлеуметтік мәселелердің шешімін тауып отыр. Біздің қаламызда мұндай әйелдер өте көп, – деп атап өтті мәдениет бөлімінде.

 

Фотокөрмеде көп жылдар бойы білім беру саласында жұмыс жасаған және дарынды оқушыларды тәрбиелеген мұғалімдердің суреттері ұсынылған. Экспозицияда сондай-ақ көлік, ауыл шаруашылығы, ауыр және жеңіл өнеркәсіп қызметкерлерінің фотосуреттері қойылған.

Көрме кейіпкерлерінің арасында киокушинкай-кан каратедан қара белбеу иегері (1 дан), спорт шеберіне үміткер Нина Суворкина, “ҚТЖ-Жүк тасымалы” ЖШС филиалының операторы – ” Нұрғайша Төлегенова, Семей аяқ киім фабрикасының аяқ киім құрастырушысы Раушан Өмірбаева, “Алтын оймақ” бизнес-жобасының авторы, ұлттық қолданбалы өнер шебері Асхан Сейлбек бар.

Қала тұрғындары күн сайын Семейдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып жүрген 150-ден астам нәзікжандылардың фотосуреттерімен таныса алады. Көрмеге әр күнде 30 фотосурет қойылады.

 

Семейліктер бұл фотокөрмемен Small”, “Ақшың”, “Қазына” сауда орталықтарында, Семей қаласының теміржол вокзалында және “Абай”халықаралық әуежайында таныса алады. Көрме әр нысанда сағат 10.00-ден 19.00-ге дейін өтеді.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *