«Сындарлы 30 жыл – 30 асу»

Өскемен қаласының жастары мен белсенділері А.С. Пушкин атындағы кітапханада ұйымдастырылған «Сындарлы 30 жыл – 30 асу»  атты әдебиеттер көрмесіне қатысты. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған шара жыл бойы жалғасын табады. Сөреге қойылған басылымдар отыз жыл ішіндегі Қазақстанның жаңа тарихынан орын алған маңызды оқиғаларынан сыр шертеді.
– Қазіргі таңда кітапханаға келетін жастар аз. Сондықтан осындай әдеби кітаптар көрмесінің ашылғаны құптарлық жағдай. Жастарымыз Тәуелсіздігімізді қастерлей білуі керек. Бостандықтың жолында құрбан болған ұлтжанды ақын, жазушыларымыздың шығармалары жеткілікті дәрежеде насихатталуда. Мәңгілік ел болу идеясын негізге ала отырып, ұрпағымызды кітап оқуға баулу жағын да ескергеніміз жөн. Себебі ел тарихының шындығы осы басылымдарда, – дейді ШҚО “Jas   Otan” жастар қанатының төрағасы Алмас Айтмұқаш.
Көрмеде бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына ену, ашық ғарышқа шығу, ғылым, мәдениет, спорттағы жетістіктер, мемлекет пен қоғамның тұрақтылығын қамтамасыз еткен экономикалық модернизация мен әлеуметтік саясаттың серпілісті бастамаларының нәтижесін айшықтайтын фактографиялық, статистикалық материалдар ұсынылған. Сондай-ақ, «Мәдени Мұра» мемлекеттік бағдарламасының, соның ішінде біздің облыстағы археологиялық қазбалардың нәтижелері бойынша ғылыми жұмыстарды ашатын кітаптар қойылған.
– Кітап көрмесінде ұсынылған басылымдар Тәуелсіз Қазақстанның маңызды оқиғалары мен жетістіктерін толық көрсетеді. Көрмеде ұсынылған басылымдар арқылы Тәуелсіз жас мемлекеттің алғашқы нық қадамдарын, еліміздің аяғынан тұрып, әлеуметтік тұтастық – Қазақстан Халқын қалыптастыруға қол жеткізуін, қоғамдық келісім, саяси тұрақтылық және бейбіт сыртқы саясатының арқасында әлемдік аренаның беделді бастамашыл елге айналғанын білуге болады, – дейді кітапхана қызметкері Арайлым Қайратқызы.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *