ШҚО жастары Риддердегі өртті сөндіруге қатысқан өртсөндірушілермен кездесті

Шығыс Қазақстанда белсенді жастар мен еріктілер Риддер қаласындағы өртті сөндіруге белсене атсалысқан Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлерімен кездесті.
ШҚО Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен өткен шараның жастарға берері мол.
Ұйымдастыру жұмыстары және Жастар бастамаларын қолдау секторының жетекшісі Данияр Жүнісовтің айтуынша, басты мақсат – жастардың бойында патриоттық сезімді ояту.
– Біз жастарды ержүректілік пен батылдыққа баулуымыз керек. Себебі – жастар біздің болашағымыз. Кездесуден кейін жастардың бірі құтқарушы болғысы келуі мүмкін. Немесе еліне, жеріне пайдасы тиер болашақ маман болар. Алдағы уақытта осындай игі шараларды жиі ұйымдастыратын боламыз, – дейді Данияр Жүнісов.
Кездесу барысында өртсөндірушілер жастарға өздерінің балалық шағындағы арманын, қызметтегі күнделікті тәртіптерін және Риддердегі өртті қалай сөндіргендері туралы айтып берді.
№7 өрт сөндіру бөлімінің командирі Самат Сатиев балалық шағында әскер болуды армандаған. Кейін 7 сыныптан бастап болашақта өртсөндіруші боламын деп өз алдына мақсат қойыпты.
– 7-сыныпта оқып жүргенімде ауылда шөп өртенді. Сол кезде өртсөндірушілердің отпен күресіп жатқанын көрдім. Содан бастап сабақтан кейін өртсөндіруші болуға дайындалып, спортпен айналыстым. Мектеп бітіргеннен кейін жоғары оқу орынына түсе алмадым. Кейін әскерге аттанып, өртсөндіруші боламын деген арманымды жүзеге асырдым, – дейді Самат Сатиев.
Келер жылы Самат Сатиевтің осы салада қызмет еткеніне 10 жыл толады. Оның айтуынша, осы уақытқа дейін оның қызметтік өмірінде Риддердегідей алапат орман өрті орын алмаған екен.
– Отқа оранған үйлерді көргенде не істерімізді білмей абдырап қалдық. Көшенің бойы толы қираған үйлер. Бірақ соған қарамастан бірден өртті сөндіруге кірісіп кеттік. Бір сәтке де тоқтамадық. Себебі қызыл жалын өрши түсті. Десе де, күн-түнімен жүріп, өртті сөндірдік. Мен өзімді ешқашан батыр ретінде сезінбеймін. Себебі бұл біздің жұмысымыз, – дейді өрт сөндіруші Самат Сатиев.
Сондай-ақ, өртсөндіруші Ерік Берікұлы да өрт сөндіру барысында табандылық танытты.
– Осы қызметке алғаш келгенде жас болдық, басында біраз қобалжулар болды. Жауапкершілігі мол жұмыс қой. Риддердегі өртті сөндіру оңайға соқпады. Десе де, барлығы тәжірибенің арқасында алапат өртті сөндірдік. Қызыл жалынмен арпалысып жатып адамдарды құтқарған сәтте бойыңызды ерекше бір батылдық сезім билейтіні рас. Іс-қимыл барысында алдымен үйдегі адамдарды және үй жануарларын құтқаруға тырыстық, – деді Ерік Берікұлы.
Әңгіме барысында өртсөндірушілер жастарға өрт шығудың алдын алу бойынша нұсқаулар көрсетті.
– Бірінші кезекте өрт қауіпсіздігін сақтау қажет. Табиғат аясына шығып, от жағып, демалыс ұйымдастырған жағдайда сізде кемінде 5-10 литр су болуы керек. Сонымен қатар, қатты желде от жағуға болмайды. Риддердегі өрттің алдын алуға болатын еді. Өрт шыққан аумақтың айналасын қазып, су дайындау керек болды. Бірақ мұның бәрі адами фактор. Сонымен бірге ауа-райы қолайсыздығы да әсер етті, – дейді өртсөндірушілер.
Өртсөндірушілер жастарға табиғат аясына демалысқа барғанда өрт шықпауы үшін не істеу керектігін айтып берді.
Кездесу соңында Жастар ресурстық орталығы өртсөндірушілерге алғыс хаттарын табыс етті.
– Осындай ерекше танымдық кездесу үшін Жастар ресурстық орталығына алғыс айтқым келеді. Батыл да батыр кейіпкерлерден үлгі алуымыз керек. Біз көптеген пайдалы кеңестер алдық. Мен өрттің қалай сөндіріліп жатқанын, өртсөндірушілердің қалай өмір сүріп жатқанын және тағы басқаларын білдім, – деді Қазақстан халқы Ассамблеясының еріктісі Александр Гришенков.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *