Б. Байахметов: қала тұрғындары зардап шекпеуі тиіс Семейде «Semey Bus» және «Семей Автобус паркі» ЖШС-нің қоғамдық көліктері тағы да желіге шыққан жоқ.

Бүгінгі таңда «Semey Bus» басшылығының зейнетақы және басқа да аударымдар бойынша борышы жарты миллиардтан астам теңгені құрайды. Нәтижесінде, адамдар МӘМС аясында қызмет ала алмайды. Ай сайынғы  зейнетақы аударымдары болмағандықтан, тіпті несиеге де өтініш бере алмайды. 

Бір жыл ішінде жүргізушілер бір емес он рет желіге шықпады. Оның басты себебі уақытылы жалақының төленбеуі мен  зейнетақы жарналарының аударылмауы болды. Таңертең ұжыммен ШҚО әкімінің орынбасары Бақытжан Байахметов және қалалық әкімдік өкілдері кездесті.

– Әрқайсыңыздың қолыңызда еңбек шарты бар. Осы шарттарға сәйкес, сіз сотқа жүгінуге және тиісті шегерімдерді талап етуге құқығыңыз бар, – деді Бақытжан Байахметов. – Ешқандай кедергі жоқ, өркениетті жұмыс әдістері бар. Алдайда, автобустардың желісін тоқтату дұрыс шешім емес. Қала тұрғындарының кінәсі неде? Бұл қылық үшін неліктен халық зардап шегуі тиіс?

Бұл ретте ол аударымдарды өндіріп алу үшін қызметкерлер «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» ҚР Заңын бұзғаны үшін кәсіпорынға (бұл жағдайда «Semey Bus» ЖШС) сотқа беруге тиіс екеніндігін атап өтті.  Осыған сәйкес, міндетті зейнетақы жарналарының аударылмаған сомаларын Мемлекеттік кіріс органдары өндіріп алатынын немесе мерзімін өткізіп алған әрбір күн үшін ҚР Ұлттық Банкінің базалық мөлшерлемесінің 1,25 еселенген мөлшерінде өсімпұл есептей отырып, жұмыскерлердің пайдасына аударуға негізделетінін мәлімдеді.

– Бүгін қала тұрғындары тағы да «Семей автобус паркінің» және «Semey Bus» ЖШС қоғамдық көліктерінің желіге шықпаған келеңсіздігіне тап болды. Таңертеңнен бастап біз ұжыммен кездестік. Бұған дейін 16 маусымда осындай жағдай орын алған еді. Мұнда жұмыс беруші мен қызметкер арасында азаматтық-құқықтық жауапкершілік туындап отыр. Бұл жағдайда «Semey Bus» ЖШС қолданыстағы заңнамаға сәйкес барлық аударымдарды жүргізуге міндетті, – деп түсіндірді Семей қаласы әкімінің орынбасары Айдар Садырбаев.- Субсидиялар туралы мәселе көтерілді. Бүгінгі күні сот талқылаулары  жүргізілуде. Біз осы мәселе бойынша сот шешімін күтеміз. Ол әлі заңды күшіне енген жоқ.

Естеріңізге сала кетейік, автопарктер үшін жеңілдетілген санаттағы жолаушыларды тасымалдауға 70 миллион теңге көлемінде субсидия қарастырылған. Бұл субсидиялар мәслихат шешімімен келісілген. Бірақ “Semey Bus” ЖШС-нің басқа ұйымдар алдында қарызы бар. Дәл осыған байланысты кәсіпорынның шоттары бұғатталды. Субсидиялар аударылғаннан кейін, олар автоматты түрде ұжымның жалақысына емес, қарызды өтеуге жұмсалады.

Ал,  «ҚДБ лизинг» компаниясынан сатып алған 170 автобус үшін «Semey Bus» ЖШС 1 миллиард теңгеден астам қарызы бар. Бірақ автопарк басшылығы шарт бойынша бірде-бір рет төлем жасаған жоқ. Сондай-ақ ЖЖМ, коммуналдық қызметтер және басқа да міндетті төлемдер үшін миллиондаған қарыздар бар. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер басқармасы кәсіпорынды тексергеннен анық болған. Бүгінгі таңда «Semey Bus»  ЖШС-нің жалпы қарызы екі миллиард теңгеге жуық қаржыны құрайды.

Қазіргі уақытта «Семавтопарк» ЖШС және «Таксомотор паркі» автобустары халық тасымалымен айналысуда. 18 маусымда Нұр-Сұлтанның мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ-ның «Semey Bus» ЖШС 170 автобусты талап ету туралы талап арызын толығымен қанағаттандырды. Осылайша, автопарк басшылығының жауапсыздығы іс жүзінде адамдарды жұмыссыз қалдырды.

«Семавтопарк»  ЖШС бас инженері Сергей Должиков мәлімдегендей, бүгінгі күні кәсіпорын жүргізушілерді, кондукторларды, инженерлік ұжымды жұмыспен қамтуға ниетті.

Өз кезегінде Семей әкімдігі барлық қолдау көрсетуге, қызметкерлер үшін заң кеңестерін тегін беріп, жұмысқа орналасуға көмектесуге қауқарлы.

Семей қаласының халықты жұмыспен қамту орталығының ақпараты бойынша, қазіргі уақытта қаланың 100 кәсіпорнындп 700-ден астам бос жұмыс орны бар.

– Қала кәсіпорындарына жүргізушілер, слесарлар, механиктер, бақылаушылар, бухгалтерлер қажет. Біз барлық бос жұмыс орындарын ұсынып, жұмысқа орналастыруға дайынбыз, – деп атап өтті Семей қаласының халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Сабыр Әшелов.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *