Егер дабылдың даусын естісеңіз, қалай әрекет ету керектігін білесіз бе?

Халықты табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардан қорғау жөніндегі негізгі іс – шаралардың бірі болып оны уақытылы құлақтандыру және қандай да бір қауіптің туындауы немесе туындау қатері туралы хабардар ету табылады. ШҚО ТЖД ақпараттық орталығында құтқарушылар өңірде 2021 жылғы 29 маусымда дабылдарды іске қосу бойынша республикалық жаттығу өтетінін айтты.
Дабылдың дыбыстық сигналы «Баршаның назарына!»  командасын білдіреді, дабылды естіген кезде, әрбір тұрғын теледидарды немесе радиоқабылдағышты қосып, шұғыл хабарламаны тыңдап, берілген хабарламаға сәйкес әрекет етуі қажет.
Халықты құлақтандыру дегеніміз – халықты жақындап келе жатқан қауіп пен қалыптасқан жағдай туралы уақтылы алдын ала ескерту, сондай-ақ осы жағдайдағы мінез-құлық тәртібі туралы хабардар ету.
Ақпараттың болмауы немесе оның жеткілікті түрде болмауы қауесеттердің, қате түсініктердің пайда болуына ықпал етеді. Осының бәрі үрейлі көңіл-күйдің  пайда болуын тудыратын орта. Үрей табиғи апатқа немесе аварияға қарағанда әлдеқайда жағымсыз салдарға әкелуі мүмкін.
Біздің көптеген азаматтарымыз дабылды естіген кезде, көшеге  жүгіріп шығатындарын айтады. Көшеге не үшін және көшеде не істеу үшін шығады? Бұл сұраққа біздің азаматтар жауап бере алмайды.
«Дабылдардың ұзақ дабыл қағуы, кәсіпорын дабылдарының гуілдеуі, көлік құралдарынан шыққан сигналдардың барлығы «Баршаның назарына!» деген ескерту белгісін білдіреді. Оны естіген уақытта, дереу теле-, радиоқабылдағыштарды қосып, шұғыл хабарламаны, дыбыстық ақпаратты тыңдау қажет.  104 FM толқынындағы Қазақстан  радиосын және жергілікті «Қазақстан», «Хабар», «31 арна» және басқа телеарналарды қосу қажет. Ақпаратты мұқият тыңдағаннан кейін, хабарламада ұсынылғандай әрекет ету керек. Жағдайлар әр түрлі болады, мысалы, егер зауытта апат орын алса және химиялық жұқтыру қаупі болса, керісінше, пәтерді жақсы герметизациялап, үйде болған дұрыс», – деп хабарлады брифингте ШҚО ТЖД бастығының орынбасары Дмитрий Титов.
Дыбыстық хабарламада төтенше жағдайдың қаупі немесе туындауы, оның ауқымы, болжамды дамуы, шұғыл іс-қимылдар және халықтың мінез-құлық қағидалары туралы ақпарат қамтылатын болады.Ең бастысы-бірнеше рет жіберілетін хабарламаны мұқият тыңдау және дұрыс түсіну.
«Қабылданған және қазір жұмыс істеп тұрған құлақтандыру  жүйесінің айтарлықтай артықшылықтары мен бірқатар құндылықтары бар. Біріншіден, дабылдардың дыбысталуы қаланың, ауданның барлық тұрғындарының назарын бірден аударуға мүмкіндік береді. Екіншіден, оны бейбіт уақытта – табиғи апаттар мен авариялар кезінде де, соғыс уақытында да қолдануға болады. Әр адам болған оқиға туралы, қалыптасқан төтенше жағдай туралы нақты ақпарат ала алады, нақты қалыптасқан жағдайдағы мінез – құлық ережелері туралы ескертуді тыңдай алады», – деп жалғастырды Дмитрий Титов.
Сонымен қатар, халықты жедел құлақтандыру мақсатында, ішкі істер органдарының сигналдық дауыс зорайтқыш құрылғылармен жарақтандырылған арнайы көлік құралдары тартылады және халықты төтенше жағдайлар туралы хабардар ету мақсатында, ұялы байланыс операторлары арқылы қосымша SMS-хабарламалар жіберіледі, сондай-ақ «Дәрмен» мобильдік қосымшасында орналастырылады.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *