Бүгінгі таңда Семейде туристік қызмет көрсететін 20-дан астам субъект бар

Олардың 4-і лицензияланған туроператорлық қызметпен айналысуға, шетелдік туристерді қабылдауға құқылы. Осы ретте, Семей аумағы бойынша туризм мен спорттың дамуы жөнінде қалалық спорт бөлімінің өкілдері онлайн баспасөз конференциясында айтып берді.

– Әлемдік пандемия біздің жұмысымызға да әсерін тигізді. Алайда,  шектеулерге қарамастан, спорт және туризм саласында жұмыстар жүргізілуде. Сондай-ақ, қала мұражайларында жүйелі түрде жылжымалы көрмелер, шығармашылық кештер және басқа да қызықты іс-шаралар өткізіледі. Қала бойынша тұрақты негізде ойын-сауық орталықтары және қала тұрғындары мен туристер демалатын басқа да объектілер жұмыс істейді. Инфекцияның таралуы бәсеңдеген кезде мүдделі тұлғалармен  бірлескен Семей қаласында туризмді дамыту бойынша қойылған міндеттерді орындау бойынша барлық қажетті шаралар қабылданатын болады, – дейді Семей қаласының дене шынықтыру және спорт бөлімінің туризмді дамыту секторының бас маманы Бауыржан Дүйсембаев.

Спорт бөлімінің өкілдері семсерлесу секциясы тәрбиеленушілерінің қазіргі жағдайы туралы  да айтып берді. Жас спортшылар көптеген жылдар бойы медициналық университет базасында мамандандырылған спорт залында жаттыққан.  Бірақ жақында олар спортзалсыз қалды.

– Семсерлесушілерге олимпиадалық резерв колледжінің ғимаратынан  бөлме берілді. Қазір жаз мезгілінде балалар демалыста болғандықтан мұнда жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Күзге қарай балалар осы спортзалда толыққанды дайындалатын болады, – деді Семей қаласының дене шынықтыру және спорт бөлімінің сектор меңгерушісі Бақытжан Егізбаев.

 Семей қаласының ақпараттық орталығы

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *