Мемориалдық тақта ашылды

Семейде генерал-майор Мұрат Қалматаевқа арналған мемориалдық тақтаның салтанатты ашылуы өтті. Ескерткіш тақтасы Аманов көшесі, 25 мекенжайындағы тұрғын үйдің қабырғасына орнатылды.  Мұрат Қалматаевты еске алуға оның жақындары мен әріптестері жиналып, ол жайлы жылы естеліктерімен бөлісті.

–  Бұл адам туралы көп айтуға болады. Ол өз елінің нағыз патриоты болды. Біз оның мұрасын өскелең ұрпаққа жеткізуге тиіспіз. Республикалық “Генералдар кеңесі”  қоғамдық бірлестігі бұл бағытта үлкен жұмыстар атқаруда. Болашақта жергілікті биліктен Көкпекті, Алматы және Семодная көшелерінің бірінің атауын  Мұрат Қалматаевтың есіміне берілуін сұрайтын боламыз. Сондай – ақ, құрметті жерлесіміз туралы кітаптар мен фильмдер шығаруды жоспарлап отырмыз, – дейді әділет генералы Жақсылық Байтұқбаев.

Мұрат Қалматаев 1936 жылы 8 қыркүйекте Семей облысы Жарма ауданы Мариновка ауылында дүниеге келген. ҚазМУ-ін және жоғары партия мектебін бітірген. Еңбек жолын Көкпекті аудандық газетінің редакторы қызметінен бастады. Кейін Семей облыстық партия комитетінің бөлім меңгерушісі, Қазақстан Компартиясы ОК инспекторы, Орал облыстық партия комитетінің хатшысы, ҚазКСР ІІМ саяси басқармасының бастығы болды. Ауғанстан Царандоя министрінің кеңесшісі, Семей облысы ІІБ бастығы болып жұмыс істеді. Содан кейін ол қауіпсіздік компаниясының құрылтайшысы және директоры қызметінде болды. Журналистер Одағының мүшесі, “ҚР ІІМ еңбек сіңірген қызметкері”, ҚР ІІМ Академиясының профессоры, Милиция генерал-майоры сынды қызметтерді абыроймен атқарды.

Мұрат Қалматаев “Құрмет Белгісі”, Қызыл Жұлдыз, “Халықтар Достығы”, “Жұлдыз”, “Шекараны қорғау” ордендерімен және Кеңес Одағының, Қазақстан Республикасының және шетелдің он сегіз медалімен марапатталған.

 

 Семей қаласының ақпараттық орталығы

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *