ШҚО-да Құрбан айт намазы ашық аспан астында оқылды

ШҚО-да биыл карантиндік шектеулерге байланысты айт намазы таңғы сағат 7:00 де ашық аспан астында оқылды.
Аймақ басшысы Даниал Ахметов барлық шығысқазақстандықтарды Құрбат айт мерекесімен құттықтады.
– Баршаңызды әлемдегі күллі мұсылмандар үшін қасиетті Құрбан айт мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Құрбан айт – ізгілік пен мейірбандықтың, жақсылық пен қайырымдылықтың мейрамы. Бұл мейрам – ұлт мәдениетінің бір бөлшегі. Ата-бабаларымыз әлімсақтан Аллағы құлшылық етуді, маңайындағы жұртқа, мұқтаж жанға қолдау көрсетіп, жақсылық жасауды ешқашан естен шығарған емес. Құрбан айт мерекесі барлық әлемдік діндерге ортақ жоғары адамгершілік пен гуманистік мұраттарға, яғни ізгілікке, мейірімділікке және әділеттілікке құрметпен қарауға тәрбиелейді, – деді Даниал Ахметов.
Өскемен аймағы бойынша бас имамы Ермек Мұқатай қала тұрғындарын Құрбан айт мерекесімен құттықтап, қазіргі жағдайда ең бастысы елдің амандығы екенін баса айтты.
– Құрметті шығысқазақстандықтар! Дәстүрлі діни мерекеміз қасиетті Құрбан айт құтты болсын! Алла жолына құрбандық шалынып, садақалар берілетін, бауырмалдықты арттыратын күллі мұсылманның ең ұлық мейрамы – Құрбан айт мерекесі де келіп жетті. Қазіргі уақыттағы әлемде қалыптасқан індет жағдайында ең бастысы халқымыздың амандығы басты орында тұруы тиіс. Сондықтан құрбан айтты санитарлық талаптарды қатаң сақтай отырып өткізіп жатырмыз. Ұлы Жаратушы Алла құрбан шалуға деген мұсылманның ықыласын қабыл етеді. Құрбан айт мерекесін берекелі еткей, жер бетінде тараған індеттен аман сақтап, халқымыздың денсаулығын мығым еткей! – деп құттықтады бас имамы Ермек Мұқатай.
Облысқа қарасты барлық өңірлерде карантин талаптары қатаң сақталуда.
–  Биыл барлық қала, аудан мен ауылдарда Құрбан айт намазы далада оқылды. Сонымен қатар, карантин талаптары қатаң сақталуда. маскалық режиімді сақтауымыз керек, – дейді Ермек Мұқатай.
Айта кетейік, QURBAN2021.KZ сайтынан құрбандық малға тапсырыс беруге болады.
– Малды сойып болғанан кейін ерікті азаматтар құрбанның етті жеткізіп беру жұмыстарымен айналысатын болады. Малды арнайы қасапшылар сояды, – дейді бас имам.
Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Қанат Тұрдиев тұрғындарды мерекеде жиналмауға шақырады.
– Құрбан айт кезінде барлықтарыңыздан карантин талаптарын қатаң сақтауларыңызды сұраймын. Топ ортада немесе дәмханаларға топтасып жиналмаңыздар. Сонымен бірге, жылдағыдай қаланың қалтарыс жерлерінде жеке көліктерімен келіп, топтасып мал саудалауға тиым салынады. Арнайы бақылау тобы қаланың бүкіл жеріне тексеріс жүргізетін болады. Рұқсат етілмеген орындарда сойыған малдың етін таратуға болмайды. Ең маңыздысы қазіргі жағдайда бір біріңіздің үйіңізге қыдырып бармауларыңызды сұраймыз, – дейді Қанат Тұрдиев.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *