2021 жылғы 25 тамызда Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу аясында Абай атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасында Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының Семей ядролық сынақ полигонының жабылуының 30 жылдығына арналған “Іргелі шешімдер уақыты” атты көрмесінің ашылуы өтті.

Экспозиция ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының жаһандық ауқымдағы саясаткер, ядролық қатерден азат әлем тұжырымдамасының авторы ретіндегі рөлін көрсетеді.
Салтанатты іс-шараны Тұңғыш Президент кітапханасының директоры Бақытжан Темірболат ашып, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жемісті мемлекеттік, қоғамдық қызметін бейнелейтін “Біз білетін Елбасы”, “Назарбаев моделі” және “Жасампаздық дәуірі” атты кітаптарды кітапхана қорына тапсырды.
ШҚО әкімінің орынбасары Азамат Мұхамедчинов өз сөзінде шығысқазақстандықтар үшін маңызды оқиғаның тарихи-танымдық және тәрбиелік мәнін атап өтіп, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының басшылығына шараны ұйымдастырғаны үшін алғыс айтты.
“Невада-Семей” халықаралық антиядролық қозғалысының вице – президенті Картоев Сұлтан Омарұлы және қоғам қайраткері Тоқаев Зейнолла Қалымбекұлы көрменің ашылу лентасын қиды. Іс-шараға қала әкімі Байахметов Бақытжан Кәкенқажыұлы, “Невада – Семей” халықаралық антиядролық қозғалысының өкілдері, жұртшылық, депутаттар, Жапония, Ресей, Түркия, Египет, Бельгия, Италия, Иордания, Эфиопия, Литва журналистері қатысты.
Көрме Қазақстан Республикасының, оның Тұңғыш Президентінің ядролық қарудан бас тартуға және ядролық сынақтар жүргізуден бас тартуға негізделген жалпыға бірдей қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелеріне жаһандық көзқарасын, Қазақстанның Тәуелсіздік жылдарындағы бейбітшілік пен халықаралық қауіпсіздікті нығайтуға қосқан үлесін көрсетеді.
Іс-шара қонақтарын үш бөлімнен тұратын экспозициямен ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Кітапханасы директорының орынбасары Күләйша Ақтаева таныстырды.
“Семей қасіреті” бөлімінде Семей ядролық полигонында жарылыстарды өткізу және олардың зардаптары туралы ресми құжаттар ұсынылған. Атап айтқанда, Семей облысындағы радиологиялық жағдай туралы медициналық қорытындысы, гамма-фонның жоғарылауы және жарылыстардың радиоактивті өнімдерінің түсуі туралы деректер, атом бомбасын сынау кезінде Қарауыл ауылында қалдырылған тұрғындардың тізімі, “Горечь полыни” инсталляциясының фотосуреттері және ақпараттары қойылған.
“Елбасының ядролық қарусыз әлем жолындағы бастамалары” бөлімінде еліміздің Тұңғыш Президентінің ядролық қарудан бас тарту және атомды тек қана бейбіт мақсаттарда пайдалану жөніндегі халықаралық саммиттерде сөйлеген сөздері, сондай-ақ, Ұлыбританияның, Жапонияның, АҚШ-тың және тағы басқа жоғары мемлекеттік наградалары, төсбелгілері ұсынылған.
“Бейбіт атом” бөлімінде Мемлекет басшысының БҰҰ Бас Ассамблеясының 47-ші сессиясында сөйлеген сөздері, оның саясаты Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап ядролық қаруды қысқартуға және бүкіл планетада ядролық қарусыз әлем құруға бағытталған, “бейбітшілік, қауіпсіздік және қарусыздану мәселелері”, “XXI ғасыр: ядролық қарудан азат әлемге қарай” және т. б. халықаралық конференцияларда сөйлеген сөздері ұсынылған.
Көрме Елбасы Кітапханасы мен Абай кітапханасы қорларынан полигонның тарихы, салдары мен қазіргі жағдайы туралы баяндайтын әдебиеттермен толықтырылды.
Қазақстанның әлемдегі бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтауға бағытталған принципті ұстанымын және жарқын болашаққа деген іргелі қадамын паш етуге арналған көрме ағымдағы жылдың 27 қыркүйекке дейін созылады.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *