Ағымдағы жылдың қыркүйек айынан бастап әлеуметтік-маңызды азық-түліктерге баға тұрақты.

Бұл туралы Семей қаласының аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен пресс-конференцияда Семей қалалық кәсіпкерлік бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы Әмина Сыздықова мәлімдеді.

–          Осы кезеңде картоп – 4,6%-ға және сәбіз – 10,7%-ға арзандады. Қант – 1,0%-ға және тауық жұмыртқасы – 1,1%-ға қымбаттады. Апта ішінде 1 санаттағы тауық жұмыртқасына баға 16,6%-ға өсті. Ал қалған әлеуметтік-маңызды азық-түлік тауарларының 18 атауына баға тұрақты. Жұмыртқа бағасының өсуі маусымды, өйткені күз-қыс кезеңінде күннің қысқаруына байланысты тауықтардың жұмыртқалауы төмендейді, яғни жұмыртқа өнімі азаяды. Бұл ретте шетелден әкелінетін жемнің, ветеринарлық препараттардың, минералды қоспалардың, жанар-жағар май  бағасының өсуін ескеру қажет. Биылғы жылы жем екі есеге, ал дизель отыны – бір жарым есеге қымбаттады, – дейді Әмина Сыздықова.

Қазіргі уақытта жергілікті тауар өндіруші «Semei Qus» ЖШС жұмыртқаның көтерме бағасы, он данасы – 360-380 теңгені құрайды. Көршілес аймақтардан (Қарағанды, Ақмола, Павлодар облыстарынан) әкелінетін тауардың бағасы, он данасына – 440-450 теңге. Орташа бөлшек сауда бағасы, он данасына – 490-520 теңге.

–          Маусымаралық кезеңде Семей қаласының аймақтық тұрақтандыру қорына 3100 тонна көкөніс өнімдері сатып алынды, оның ішінде, картоп – 1500 тонна, қырыққабат – 450 тонна, сәбіз – 400 тонна, пияз – 750 тонна. Апта сайын «Солтүстік» КБО және «Jolaman» СЛО ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкелері өткізіліп тұрады. Онда жергілікті ауылшаруашылық тауар өндірушілеріне жеңілдікпен жалға беру бағасымен 40 сауда орны беріледі. Өнімдер нарық бағасынан 10-15% төмендетілген бағамен сатылады, – деп қосымшалады конференцияда Семей қ. сауданы дамыту секторының меңгерушісі Айжан Хасенова.

Сонымен қатар Семейде әлеуметтік-маңызды өнімдердің бағасына күнделікті мониторинг жүргізіліп тұрады. Бағаның негізсіз өсуі байқалған жағдайда, жедел әрекет ету шаралары қолданылып, бағаның өсу себептері анықталып, оны төмендету бойынша ұсыныс жұмыстары жүргізіледі.

Семей қаласындағы ақпараттық орталығы

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *