Өткен жылдан бастап қалада 2660 отбасына атаулы әлеуметтік көмек берілді

Азық-түлік жиынтығы мен тұрмыстық химия тауарлары түріндегі 36 мыңнан астам кепілдендірілген әлеуметтік пакет жеткізілді. Жалпы, қазіргі таңда Семейде халықтың әлеуметтік осал топтары есебінде 105 мыңнан астам адам тұрады. Бұл туралы АКҚ өткен баспасөз конференциясында қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Мұрат Құржықаев айтып берді.

– АӘК-пен қатар тұрғын үймен де қолдау көрсетілуде. Жыл басынан бері табысы төмен азаматтарға қосымша тұрғын үй жәрдемақысы бөлінеді. Өткен жылы 1084 отбасына тұрғын үй жәрдемақысы берілді. Биыл 19 мыңнан астам жандарға әлеуметтік қолдау көрсетілді, – деді Мұрат Құржықаев.

Сонымен қатар, баспасөз конференциясында мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау көрсету саласында жүргізіліп жатқан жұмыстар жөнінде ақпар берді.

– Мүмкіндігі шектеулі адамдар техникалық оңалту құралдарымен және арнайы әлеуметтік қызметтермен қамтамасыз етіледі. 2010 жылдан бастап қалада қалалық бюджет қаражаты есебінен  әлеуметтік маңызы бар объектілерге жеткізу бойынша  “Инватакси” қызметі ұсынылды. Қызметті тірек-қимыл аппараты бұзылған 1-2 топтағы мүгедектер және жүріп-тұруы қиын 1 топтағы мүгедектер пайдалана алады. Арнайы көтергіштермен жабдықталған төрт автомобиль және сегіз жеңіл машина іске қосылды, – деп түйіндеді Мұрат Құржықаев.

Семей қ. ақпараттық орталығы

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *