Бүгінгі таңда Семейде 4 спорт мектебі жұмыс істейді

Онда 4000-нан астам балалар мен жасөспірімдер тегін жаттығуда. 22 спорт федерациясы,түрлі бағыттағы 27 спорт клубы бар. Толығырақ АКҚ-де өткен баспасөз конференциясында Спорт бөлімінің басшысы Ерлан Әубәкіров айтып берді.

– Мемлекет балансындағы барлық спорт нысандары жалпы білім беретін мектеп оқушыларына, ЖОО мен колледж студенттеріне, спорт мектебінің тәрбиеленушілеріне, мүмкіндігі шектеулі жандарға және халықтың әлеуметтік осал топтарына тегін. “Арена” көпфункционалды мәдени-спорт кешенінде балалар спортын дамыту үшін “Altay sports club” ЖШС жұмыс істейді. Оның жаттықтырушылары бес спорт түрі бойынша секциялар жүргізеді. Онда мыңнан астам бала өтеусіз негізде шұғылданады.  Сондай-ақ, “Отель NomAD” ЖШС мәдени-спорт кешені бассейнінің базасында мүмкіндігі шектеулі балаларға жүзу бойынша тегін қызметтер көрсетіледі. Жеке спорт объектілерімен мүмкіндігі шектеулі адамдарға спорт ғимараттарын тегін беру туралы келісімге қол жеткізілді. Атап айтқанда, “Gold King” спорт залында жеңілдіктер жүйесі қарастырылған. “Цементник” стадионы балалар үйінің балаларына өтеусіз негізде қызмет етсе, “Спартак” стадионында спорт залы мен жеңіл атлетика манежі тегін беріледі, – деді Ерлан Әубәкіров.

Баспасөз конференциясында қалалық стадиондардың бүгінгі хәлі  туралы да айтылды.

– “Локомотив” стадионы ШҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының “Жоғары спорт шеберлігі мектебі” коммуналдық мемлекеттік мекемесінің балансында. Бүгінгі күні стадионды күрделі жөндеуге ЖСҚ әзірлеу негізінде 42 млн. теңге сомасына бюджеттік өтінім берілді. Сондай-ақ, “Спартак”стадионын жөндеу жоспарлануда. ЖСҚ әзірлеу құрылыс бөлімі арқылы жүргізіледі. Оның құны – 36,5 млн.теңге. Мердігер мекеме – “Востокагропромпроект”ЖШС. “Ертіс” (Пищевик) және “Цементник” стадиондарына келетін болсақ, олар жеке меншікте, – деп түйіндеді Ерлан Әубәкіров.

Семей қ. ақпараттық орталығы

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *