Зайсан ауданында биыл ауқымды 62 жоба іске асырылмақ

2022 жылы Зайсан ауданы ауыл шаруашылығы саласы бойынша 49,2 миллиард теңгенің өнімдері өндіріліп, 2021 жылмен салыстырғанда 27,1%-ға артыпты. 182 шаруашылығы мемлекеттен 232,9 миллион теңге субсидия, 22 шаруа қожалықтары 236,3 миллион теңге жеңілдік несиелерін алыпты. Зайсан ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2022 жылғы көрсеткіштері және 2023 жылы алда тұрған міндеттері туралы Шығыс Қазақстан облысының өңірлік коммуникация қызметі алаңында Зайсан ауданының әкімі Дулат Қажанов брифинг барысында айтып өтті. Зайсан ауданы 2022 жылды жақсы табыстармен аяқтады деп айтуға негіз бар. Ауданның ішкі жалпы өнімі 57,9 миллиард теңге болып, 2021 жылмен салыстырғанда 13 %- ға артқан. Ал Өнеркәсіп өнімінің көлемі 8,7 миллиард теңгені құраған. Зайсан облыстағы жалғыз суармалы аудан болып саналады. Ауданда 22731 га суармалы жер бар. Оның ішінде 10251 га егістік жерлер Үйдене суландыру жүйесі арқылы, қалған жерлер әртүрлі су көздерінен қамтамасыз етіледі. 2022 жылы ауданда егіс көлемі өткен жылмен салыстырғанда 5,6 % – ға артып, жақсы өнімдер алынды. Бүгінгі күні 1966 жылы салынған сыйымдылығы 75 млн.текше метр болатын Үйдене су қоймасы қайта жаңғыртуды қажет етеді деп атап өтті аудан әкімі. «Бұл мәселе бірнеше рет Парламент Мәжілісінің депутаттарының алдында және жуықта «Аманат» партиясының төрағасы Ерлан Қошановтың Зайсан ауданына жұмыс сапары барысында көтеріліп, облыс әкімі Даниал Ахметов арнайы келіп, Үйдене су қоймасын қайта жаңғыртуға қомақты қаржы бөлінетінін жеткізді. Бұл, егіншілікпен айналысатын шаруашылықтар үшін, жалпы аудан халқы үшін жақсы жаңалық»,- деді Дулат Зайсанбекұлы. Сондай-ақ ауданда Мемлекет басшысының пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді қайтару туралы тапсырмасы жүзеге асырылуда, өткен жылы 235 тұлғадан 18 мың га жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Жер учаскелерін сатудан жергілікті бюджетке 31,5 млн.теңге, жалдау бойынша 5,4 млн. теңге түсімдер түскен. Ал өңірде шағын және орта бизнес даму көрсеткіші оң динамиканы көрсетуде. Ауданда жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 4048 бірлік болып, 2021 жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 420 бірлікке артқан. Бүгінгі күні ауданда 138 шағын және орта бизнестің заңды тұлғалары, 2331 жеке кәсіпкерлер, 1579 шаруа қожалықтары халыққа қызмет көрсетуде. Өткен жылы шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінен аудан бюджетіне 616,5 миллиона теңге түсім түсіп, сондай-ақ, ауданда бөлшек тауар айналымының көлемі 12,6 миллиард теңгені құрады. Және Зайсан ауданында тұрғын үй құрылысыда жандана түскен. Әсіресе бірегей Бірқабатты Шығыс бағдарламасы бойынша тұрғын үйлер бой көтерген. «Өткен жылы 11308 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. «Бірқабатты Шығыс» аймақтық бағдарламасы аясында аз қамтылған көп балалы отбасылар мен әлеуметтік жағынан осал топтарға 35 екі пәтерлі тұрғын үйлерге (70 пәтер) жеке инвесторлармен 888,0 миллион теңгеге офф-тейк контракт жасалып, 5550 шаршы метр жер телімдері беріліп, құрылыс жұмыстары жүргізілді. Үйлерді пайдалануға беру үшін инженерлік желілері құрылысына облыстық бюджеттен 100 млн.теңге қаражат бөлініп, 1,6 км кірме жолдарға қиыршық тас төселді, 3,1 км магистральдық және су құбыры желілері тартылды, 75 дана электр тіректері орнатылды. Жобаның 110,8 миллион теңге қаражаты ағымдағы жылға қарастырылып отыр, тамыз айына дейін тұрғын үйлер пайдалануға беріледі. Екі жылдан бері жеке тұрғын үйлерді салуға арналған 400 учаскеге электр желілері тартылуда, осы жылы құрылысты жалғастыруға республикалық бюджеттен 100 млн. теңге қаражат бөлінді» деп атап өтті Зайсан ауданының әкімі. Және Дулат мырза аудандағы газбен қамтамасыз ету мәселесіне де тоқталып өтті. «Ауданда бүгінде табиғи газбен қамтамасыз ету мәселесі өзекті мәселелердің бірі болып тұр. 2022 жылға жоспарланған 8 ауылдық елді мекендерге (Дайыр, Көкжыра, Қуаныш, Біржан, Сарытерек, Жарсу, Бақасу, Сарыжыра) ауылішілік газ желілерін тарту жұмыстары мемлекеттік сатып алуға қатысқан мердігерлер арасында сот процесінің жүруіне байланысты, құрылыс жұмыстары өкінішке орай уақытша тоқтап тұр. Биылғы жылы осы жұмыстарды іске асыруға 940 млн. теңге қаражат қарастырылып отыр. 2022 жылы 159,6 млн. теңгеге Зайсан қаласының қалалық газдандыру желілерін жүргізу жұмыстары істеліп, «Өңірлерді дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» шеңберінде бөлінген 310,2 млн.теңгеге Зайсан қаласындағы Боқажанов көшесі бойындағы көпқабатты үйлердің қазандығы қатты отыннан табиғи газға ауыстырылды», деді Дулат Қажанов. Аудан денсаулық саласынада көңіл бөлінуде. 2022 жылы аудандық ауруханаға 50,0 миллион теңгеге рентген аппараты және аурухананың перзентхана бөлімін екінші деңгейге жеткізу мақсатында 100,8 миллион теңгеге қажетті медициналық құрал жабдықтар сатып алынды, сондай-ақ, 129,3 миллион теңгеге перзентхана бөлімін күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді, аурухананың шатырын күрделі жөндеуге ағымдағы жылы 181,3 миллион теңге қарастырылып отырғанын брифингте аудан әкімі жеткізді. Ал Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы» аясында 97 азаматқа 118,8 млн.теңгеге жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік гранттар берілді. Жыл көлемінде жаңадан 1478 жұмыс орындары құрылып, 856 адам жұмысқа орналастырылған. Ауданда мәдениет саласына да көңіл бөлініп отыр. Өткен жылы Айнабұлақ ауылында 150 орындық жаңа мәдениет үйі пайдалануға берілді. 3 ауылдың клуб үйлері ағымдағы жөндеуден өткізілді. 1 ауылдың мәдениет үйіне 400 мың теңгеге музакалық аппаратура сатып алынды. 2023 жылы 6,1 миллиард теңгеге 62 іс-шараны іске асыру жоспарланған, оның ішінде бюджет қаражаты есебінен-5,6 миллиард теңгеге 50 жоба және 485,6 миллион теңгеге жеке инвестициялар есебінен 12 жоба іске асырылмақ.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *