Шығыс Қазақстан облысындағы жастарға жеңілдетілген несие алуға болады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қыркүйектегі Жолдауында жастар кәсіпкерлігін дамыту үшін жылдық 21 мен 35 жастағыларға 2,5% жеңілдікпен микрокредит беру тетігін іске қосуды тапсырған болатын. Бүгінде Шығыс Қазақстан облысы бойынша жас кәсіпкерлерге жеңілдетілген несие беру бағдарламасы іске қосылды. Өз бизнесін тыңнан бастайтын, мал өсіріп, өнеркәсіп ашқысы келетіндер үшін 5 миллионға дейін шағын несие алуға болады. Микрокредит мерзімі – 5 жылға дейін, мал шаруашылығы саласындағы жобалар үшін микрокредит мерзімі жеті жылға дейін. Қаржыландыруды жүргізетін «Аграрлық несие корпорациясы». Облыс әкімінің шешімімен жастардың бизнес-жобаларын іріктеу жөніндегі тиісті комиссия құрылды. Қазір біртіндеп өтініш білдерген жастардың жобалары қолдау тауып жатыр. Арнайы құрылған комиссия алдына Өскемен қаласының тұрғыны, көп балалы ана Снежана Салихова нан-тоқаш, кондитерлік өнімдерін өндіруге бизнес жоспарын ұсынды. «Мен қазірдің өзінде нан-тоқаш,бауырсақ, кондитерлік өнімдерді пісіріп, жергілікті дүкендерге өткізудемін. Енді жобамды мақұлдап жатса, ісімді ары қарай кеңейтіп, адамдарды жұмыспен қамтуға дайынмын»,- деді Снежана ханым. Сондай-ақ Саят Құмаров Күршім ауданының Қойтас ауылынан арнайы келіп, мал шаруашылығын дамыту үшін, жастардың кәсіпкерлігін қолдауға арналған жеңілдетілген бағдарламаға қатысуға ниетін білдіріп отыр. «Алғалы тұрған сома 4 миллион 900 мың теңге. 12 бас ірі қара алайын дегенмін. Малға жақын адамбыз. Қыр-сырын білеміз. Қойтаста тұрып, өзімнің шарушылығымды дамытқым келеді. Қазір қазақтың табиғи сүт, айран, құрт-майына сұраныс артып келеді»,-дейді Саят Құмаров. Қаржыландыру туралы шешімді конкурстық комиссия қарайды. Құрамында облыс әкімшілігінің өкілдері, «Amanat» партиясы ШҚО филиалының төрағасы, депутатар мен несие корпорациясының басшылары бар топ қазір әр бизнес жобаны мұқият зерттеп, шешім шығарып жатыр. «Әзірге 18 өтінім келіп түсті. Жыл соңына дейін облыс бойынша 218 адамға жеңілдетілген несие беру жоспарлануда. Шығыс Қазақстан облысы бойынша 1 миллиард 90 миллион теңге бөлінді. Жеңілдетілген несие алу шарттарына тоқталып өтсем, кепілмен қамтамасыз етілу керек. Және негізгі борыш пен сыйақыны өтеу бойынша жеңілдікті кезең микрокредит беру мерзімі ұзақтығының үштен бірінен аспайды. Алдымен несие алу ниеті бар адам , «Атамекен» кәсіпкерлер палатасына немесе, «Аграрлық несие корпорациясы»барып арнайы менеджерлербизнес жобаны дұрыс рәсімдеуге ақысыз негізде көмектесе алады. Сонымен қатар, 2,5% жеңілдікпен несие алуға ниеті бар 35 жасқа дейінгі адам облысқа қарасты аудандардағы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдеріне барып өздеріне керекті ақпаратты ала алады»,-деді Шығыс Қазақстан облысының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Альмира Аскерханқызы. Бизнеске бет бұрған жастардың ұсынған жобаларының дені қызмет көрсету, тағам өндірісі, мал шарушылығы мен автокөліктерді жөндейтін техникалық орталықтарды ашуға қатысты.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *