Өскеменде үш тілде дебат турнирі өтті

Қазақстан халқы тілдері күніне орай ШҚО Достық үйі – Қоғамдық келісім орталығы және ШҚО Қазақстан халқы ассамблеясының ұйытқы болуымен студенттер арасында қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде дәстүрлі дебат турнирі өтті. Пікірсайысқа Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ және С.Аманжолов атындағы ШҚУ студенттері қатысып, көптілділікке байланысты өз ойларын ортаға салды. Елімізде тек Шығыс Қазақстанда ғана Ассамблеяның қолдауымен үш тілде зияткерлік сайыс өтіп тұратынын «Ассамблея жастары» бірлестігі Шығыс Қазақстан облыстық филиалының жетекшісі Равиль Юнусов айтып өтті.

– Жыл сайын Қазақстан халқының тілдері күні қарсаңында облысымызда үш тілде дебат турнирін өткізу дәстүрге айналды. Зияткерлік сайыс арқылы мемлекеттік және өзге де тілдерді үйренуді насихаттаймыз. Жастардың тілді білуге деген құлшынысын арттыруға сеп болады деп ойлаймын. Болашақта облыстық дебат турнирі, Республикалық деңгейде өтеді деген ойдамын. Жалпы Достық үйінде тіл үйренем деушілерге бірнеше тегін үйірмелер жұмыс істейді. Мұндағы ҚХА мүшелері өз тілдерімен қатар мемлекеттік яғни қазақ және ағылшын тілдерін үйрене алады. Кез келген адамға есігіміз ашық», – деді Равиль Юнусов.

Жаһандану кезінде көптілділік-заман талабы деп атап өтті дебатқа қатысушы Аяна Зақанова.

– «Осы көптілділіктің бізге керегі бар ма, жоқ па деген сауалдар әркімді мазалары анық. Менің ойымша ана тілімізден бөлек өзге тілдерді білу аса маңызды. Көп тілді меңгерген жастар адамның мінезіне де, карьерасына да, өміріне де оң әсер ететінін айтып жатады. Өзге тілді білу жаңаша ойлауға және бұрынғы қалыптасқан пікірлеріңді одан әрі дамытуға үлкен септігін тигізеді. Жаңашылдыққа, объективті ойлауға жетелейді. Бірақ, ақын Қадыр Мырзалиев «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деп айтқандай, ана тілімізді құрметтеу, білуіміз керек деп ойлаймын»,-деді Аяна Зақанова

Қазақстан халқы тілдері күніне орай өткізілген дебат турниріне қатысушылар бағалы сыйлықтар және алғыс хаттармен марапатталды.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *