ШҚО делегациясы Уфадағы агроөнеркәсіп кешенінің тәжірибесіне қызығушылық танытты

Бүгін Уфа қаласында «Халықаралық бизнес апталығы – 2023» форумы басталды.

ШҚО делегациясы форум аясында «Алексеевский» агроөнеркәсіп кешенінің жұмысымен танысты, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.

«Алексеевский» АӨК – Башқұртстан Республикасындағы ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіретін ірі кәсіпорындардың бірі. Ол 48 жыл ішінде шағын жылыжай шаруашылығынан көпсалалы өндірісі бар заманауи жетекші агроөнеркәсіптік компаниялардың біріне айналды.

– Жылыжай кешенінің ауданы – 11 га, мұнда қияр өсіруге ерекше назар аударылған. Өйткені қияр қызанаққа қарағанда тез піседі. Әріптестердің тәжірибесі көрсеткендей, жылыжай құрылысына жұмсалған шығынды тез қайтарып алу үшін көшет өсіруден бастап өнімді сатуға дейінгі толық циклды қамтитын жүйе құру қажет, – деді ШҚО ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ажар Қажыбекова.

Сонымен қатар басқарма басшысы «Алексеевский» агроөнеркәсіп кешенінде қазір голландтық тұқым қолданылатынын, ал келер жылы ресейлік тұқым түрін өсіріп көру жоспарланып отырғанын айтты.

– Біздің әріптестер жылына екі рет өнім жинайды. Жаңа технологияларды енгізудің арқасында өнімділік төрт есе ұлғайған, сондықтан алпауыт агроөнеркәсіп кешені миллионнан астам халық тұратын қаланы толық қамтамасыз етіп отыр, – деп атап өтті ШҚО кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Елдос Байрахметов.

Ажар Қажыбекованың айтуынша, Уфа кәсіпорындары қолға алған ресейлік тұқымдарды жабық топырақта өсіру тәжірибесінің нәтижесін кейін Шығыс Қазақстан аумағында қолданысқа енгізу үшін мұқият зерделеген жөн.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *