ШҚО тұрғындары цифрлық мемлекеттік қызметтерді жиі пайдалана бастады

Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз конференциясында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» Шығыс Қазақстан облысы бойынша филиалының директоры Азамат Есембулов ағымдағы жылы шығысқазақстандықтар 900 мыңға жуық түрлі мемлекеттік қызметтерді электронды форматта алғанын айтты. Өткен жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш екі есе артты.

– Бүгінгі таңда облыста қол жетерлік 1353 мемлекеттік қызметтің 1267 түрі көрсетіледі, оның 1214-і электронды форматта қолжетімді. Мемлекеттік қызметтерді онлайн-режимде алудың маңыздылығын атап өткім келеді. Мысалы, «Мобильді ХҚКО» қосымшасының көмегімен азаматтар тек кеңес пен кейбір мемлекеттік қызметтерді ғана ала алмайды, сонымен қатар ЭЦҚ шығару бойынша қызметке тапсырыс бере алады. Жыл басынан бері өңір бойынша қосымша арқылы 26 мыңнан астам мемлекеттік қызмет көрсетілді, – деді Азамат Есембулов.

Спикердің мәліметінше, азаматтарға ыңғайлы болу үшін мемлекеттік корпорация ХҚКО-ларда мемлекеттік қызметтер үшін қолма-қол ақшасыз төлем енгізді, азаматтар екінші деңгейлі банктің қосымшаларындағы QR-код арқылы алған мемлекеттік қызметтері үшін тез және қауіпсіз төлем жасай алады.

Сонымен қатар филиал директорының әлеуметтік қамсыздандыру жөніндегі орынбасары Айжан Ағыбаева ағымдағы жылдың 1 шілдесінен бастап Әлеуметтік кодекске «Марапатталған аналар» деген жаңа ұғым енгізілгенін айтты.

– «Күміс алқа», «Алтын алқа» белгілерімен марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ 1-ші немесе 2-ші дәрежелі «Ана даңқы» ордендерін иеленген әйелдерге осындай мәртебе беріледі. Осы санат бойынша аналарға ай сайын 6,40-тан 7,40 АЕК-ке дейін жәрдемақы төленеді. Жәрдемақыға өтінімді белсенді форматта рәсімдеуге болады, – деп атап өтті ол.

Бұдан бөлек, Мемлекеттік корпорация Blockchain технологиясын қолдана отырып, екінші деңгейдегі банктер мен жеке тұлғалар арасында жылжымайтын мүлікке банктік қарыз шартын ресімдеу кезінде берілген кепілді электронды тіркеуді жүзеге асырады.

– Бұл қызмет сұранысқа ие және қызмет алушылардың оң пікіріне ие, өйткені клиенттерге тіркеу процесін үш күннен бір күнге дейін қысқартуға мүмкіндік береді. Осылайша, жыл басынан бері 7311 шарт тіркелді, – деді жылжымайтын мүлікті тіркеу жөніндегі директордың орынбасары Гүлфайра Нұржанова.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *