ШҚО МКД-да жалпыға бірдей декларациялаудың үшінші кезеңі туралы айтылды

Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз конференциясында Шығыс Қазақстан облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті Өндірістік емес төлемдер басқармасының басшысы Әсет Мұқашев 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде жалпыға бірдей декларациялаудың үшінші кезеңі басталатынын айтты.

– Келесі жылдың басынан бастап активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны заңды тұлғалардың басшылары, құрылтайшылары (қатысушылары), дара кәсіпкерлер және олардың жұбайлары тапсырады. 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап бұл декларацияны барлық қалған санаттағы тұлғалар тапсырады, – деді Әсет Мұқашев.

Спикердің мәліметінше, декларацияда шетелдегі активтерін көрсету қажет, олар: жылжымайтын мүлік, жер учаскелері, көлік құралдары, арнайы техника және (немесе) тіркемелер, әуе және теңіз кемелері, ішкі суда жүзу кемелері, «өзен-теңіздегі» жүзу кемелері және т.б. Сондай-ақ декларацияда Қазақстанда немесе шетелде мынадай мәліметтерді көрсету қажет: тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарттар, бағалы қағаздар, туынды қаржы құралдары, цифрлық активтер, инвестициялық алтын, зияткерлік меншік, авторлық құқық объектілері және т.б.

– Декларацияны 2024 жылғы 15 қыркүйекке дейін өзінің тұрғылықты жері бойынша немесе «Салық төлеуші кабинеті», «Электронды үкімет» веб-порталдары, «e-salyqAzamat», Halyk, Bank Centercredit мобильді қосымшалары арқылы ұсыну қажет. Сондай-ақ азаматтар декларацияны қағаз тасығышта пошта арқылы не келу тәртібімен ұсынуға құқылы. Декларация 2023 жылдың 31 желтоқсанына жасалады, – деп атап өтті спикер.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *