ШҚО-да Тәуелсіздік күніне орай 100-ден астам іс-шара өтеді

Шығыс Қазақстан облысында Тәуелсіздік күніне орай 100-ден астам іс-шара өтеді. Биыл естелік, танымдық-ағартушылық, қайырымдылық акцияларын өткізуге ерекше назар аударылып отыр. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында ШҚО қоғамдық даму басқармасының басшысы Серік Жеңісов хабарлады.

– Биыл еліміз Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 32 жылдығын атап өтеді, – деді Серік Жеңісов.

Сонымен, 16 желтоқсанда Өскеменде желтоқсандықтар, жастар және қала тұрғындарының қатысуымен «Желтоқсан алауы» ескерткішіне салтанатты гүл қою рәсімі өтсе, ал Зайсанда Қайрат Рысқұлбеков ескерткішіне гүл қою рәсімі өтеді.

11-19 желтоқсан аралығында өңірде «Тәуелсіздік жетістіктері» тақырыбында бірыңғай сынып сағаттары мен ашық сабақтар өтеді. Облыс қалалары мен аудандарында Желтоқсан оқиғасына қатысушылармен кездесулер жоспарланған.

– Облыс әкімінің өкіміне сәйкес 1986 жылғы оқиғаларға қатысқан азаматтарға біржолғы әлеуметтік көмектің мөлшері 200 мың теңгені құрайтынын атап өткім келеді. Бұл көмекті 90-нан астам адам алады, сондай-ақ олар жыл сайын «Уба» санаторийінде тегін сауықтыру қызметтерін алады, – деп толықтырды ҚДБ басшысы.

Сондай-ақ өңірде бірқатар нысандар ашу жоспарланған. Тарбағатай ауданының Шеңгелді ауылында 100 орындық мектеп, Ақжар ауылында Street Work-out және балалар ойын алаңы, Ұлан ауданының Айыртау ауылында денешынықтыру-сауықтыру кешені ашылады.

– Тарбағатай ауданының Қарасу, Тұғыл, Ақжар, Маңырақ ауылдарында және Ұлан ауданының Қ.Қайсенов кентінде «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы бойынша салынған 45 үйдің кілті тапсырылады, – деді Серік Жеңіс. – Сонымен қатар «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» Ұлттық жобасы аясында Тарбағатай ауданының Ақмектеп, Шолақорда, Құйған ауылдарында медициналық пункттер ашу жоспарланып отыр.

Бұл күндері облыстың барлық қалалары мен аудандарында дөңгелек үстелдер, сынып сағаттары, экологиялық және қайырымдылық акциялар, спорттық іс-шаралар өткізіледі.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *