Баспанадан бас тартты

        Семейлік көпбалалы ана Марал Жүнісова пәтер алудан бас тартып, өз бизнесін ілгерілету үшін Шақаман ауылына көшкен.

        Жүнісовтар отбасында алты бала, үлкен ұлы 14 жаста ал, кіші қызына бір жыл жеті ай. Алдағы жылы отбасы тағы көбеймек. Бірақ, осы жағдайына қарамастан, Маралдың қол қусырып отырар жайы жоқ. Бір ай бұрын отбасы Семейден жарты шақырым жерде орналасқан Шақаман ауылына көшті. Өз атын атамауға тілек білдірген кәсіпкер көп балалы отбасы үшін аулалық құрылыстармен жабдықталған үй сатып алып берген.

         Марал “Бастау Бизнес” мемлекеттік бағдарламасы бойынша грантты ұтып, 20 тауық пен мұздатқыш алды. Алдағы уақытта сиырларды да сатып алу жоспарында бар.

        – Қалада біз жалдамалы пәтерде тұрдық. Суық мезгілде жиі көшкендіктен, балалар үнемі ауырып қалатын. Жолдасым табыс табады. Бірақ қаражат жетіспейді. Сондықтан өз кәсібімді бастауға бел будым. Көктемде аулаға картоп пен көкөніс отырғызамыз. Мен отбасын сүтпен және жұмыртқамен қамтамасыз ете аламын. Құрт пен май жасап сатылымға да қоя аламын. Біз мемлекеттен үнемі көмек сұрай алмаймыз, – дейді Марал. – Біз пәтер кезегінде шамамен сегіз жыл бойы тұрдық. Бірақ үйден шықпай-ақ ақша табуға мүмкіндік бар екеніне көзім жетті. Әр көпбалалы ана үйде отырып та,табыс көзін жасай алады. Егер тырыссаңыз, ауылда да бәрін жасауға болады.

        Жақында ғана қоныс аударған Марал ауылға танымал бола бастады. Ол басқа да көпбалалы аналармен бірігіп, мұқтаж отбасыларға азық-түлік, киім-кешекпен көмектесіп жүр.

        Семей қаласының ақпараттық орталығы

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *