ТҰРҒЫН ҮЙ ҚОРЫН БАСҚАРУДЫҢ ЖАҢА ҚҰРЫЛЫМЫ ІСКЕ ҚОСЫЛАДЫ

        Қаламызда тұрғын үй қорын басқарудың жаңа құрылымы енгізілмек. Ол меншік иелерінің қауымдастығы деп аталады. Жаңа құрылым жайлы қала әкімінің міндетін уақытша атқарушы Николай Ушаков ПИК төрағаларымен болған кездесуде айтты. Жиынға тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің өкілдері де қатысты.

        Қауымдастық – бір көпқабатты тұрғын үй пәтер және адам тұрмайтын үй-жайлар иелерінің ұйымдасуымен құрылған коммерциялық емес заңды тұлға болып табылады.

        Меншік иелерінің қауымдастығы кондоминиум нысандарын ортақ басқаруға, оларды күтіп ұстауға, қаржыландыруға және сақталуына жауапты болады.

        Кездесуде жаңа құрылым мен ПИК арасындағы айырмашылық- ақша қаражатын бөлу жүйесінде екендігі атап көрсетілді. Егер ПИК те бір ғана есепшот және басқаруында бірнеше үйлер болса, меншік иелері қауымдастығында бір үй, бір есепшот қана болады. Сонымен бірге тұрғындар ай сайын төлейтін эксплуатациялық шығындар тұрғын үй мұқтажына ғана жұмсалады. Компания басқарушысының жұмысын әкімдіктің тұрғын үй инспекциясы және меншік иелері бақылайтын болады. Сондай-ақ олар газбен қамту және лифт пайдалануды бақылауды күшейтуге де құзырлы болмақ.

        – Ендігі жерде лифт шаруашылығымен мәселе түсінікті болды. Тұрғын үй инспекциясы бөлімі тексеру- бақылау органы болғандықтан, олардың жұмысын тексеріп отырады. Бұрын тұрғын үй қорын басқарудың бес түрі болса, енді тек екі түрі ғана болады. Бұл жұмыстарды үстіміздегі жылы бір жүйеге келтіруді жоспарлап отырмыз. Тұрғындар арасынан бұл жаңалық қосымша қаражат талап ететіндіктен қолдайтындар да, наразылық білдірушілер де табылуы мүмкін. Сақтандыру шоты, күрделі жөндеудің ағымдағы шоты үшін төлеуге тура келеді. Бұл шоттарды сіз бен біз яғни, тұрғындар төлейтін боламыз,- деді Николай Ушаков.

        – «Бір үй- бір МИҚ- бір есепшот» принцпі тұрғындардың күрделі жөндеуге жиналатын қаржының түсуін және мақсатты жұмсалуын бақылап отыруға мүмкіндік береді. Және тұрғын үйге қандай жөндеу жұмысын жүргізу керектігін тұрғындар санатынан құрылған кондоминиум кеңес мүшелері анықтайды.

        Жиында Николай Ушаков газ бөлу құрылғыларын пайдалану жайлы да сөз етті.

        – Бүгінгі күні қалада 88 газ бөлу құрылғысы жұмыс істеп тұр. Біз компаниялармен сөйлесіп, құжаттарын дайындаған соң оларды сенімді басқаруға беремз. Бұрындары көпқабатты үйлерде газ балонын пайдалану жайлы көптеген даулар болған. Қазір тек бесқабатты үйлерде ғана қақпақты газ баллонын пайдалануға рұқсат етілетіні нақты жазылған. Бес қабаттан жоғары үйде газ баллонын пайдалануға тиым салынған.

        Алдағы уақытта жарамсыз газ бөлу құрылғыларына техникалық тексеру жүргізіп, тұрғындармен ақылдасып, бұл мәселені шешуді ойластыратын боламыз. Тұрғындар пікірін білмей тұрып, ол құрылғыларға миллиондарды текке жұмсай алмаймыз ғой. Газ бөлу құрылғысы тұрғындарға керек пе, керек емес пе, соны айқындау қажет. Үй ішіндегі газ жүйесін қалыпқа келтіреміз десе, біз құрылғыны реттейміз, қажет емес десе, құрылғыны бұзып, босаған алаңды тұрғындар қажетіне жаратамыз. Мысалы, ол жерге балалар алаңын немесе тұрмыстық қалдықтар үшін алаң жасаймыз,- дейді Николай Ушаков.

        Кездесу соңында ТКШ мамандары тұрғын үйді басқарудың жаңа құрылымы жайлы мағлұмат беріп, сұрақтарға жауаптар қайтарды.

        Семей қаласының ақпаратық орталығы

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *