Семейде қаланы дамытудың кешенді жоспарын іске асыру басталды

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша былтыр Семейді дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары бекітілген. Жоспарға сәйкес, қалада барлық өмір саласын қамтитын 7 бағыт бойынша 56 іс-шара өткізу жоспарланған. Жобаның іске асырылуы туралы онлайн пресс-конференцияда қала әкімінің орынбасары Қанат Әділбаев толығырақ мәлімет берді.

Жалпы қаржыландыру 260,2 млрд. теңгені құрады. Қала әкімі орынбасарының айтуынша аталған сома айтарлықтай өседі. Себебі, бағдарламада Қарағайлы ықшам ауданындағы жаңа инновациялық мектеп құрылысының және Знаменка, Қарауыл, Курчатов және басқа да маңызды жолдарды қиылыстыратын Алматы тас жолы бойындағы айналмалы жол құрылысының құны қарастырылмаған. Жобалық сметалық құжаттамалары келесі жылы дайын болады, жұмысты бастау 2022 жылға жоспарланған.

– Биылғы жылы жобаны іске асыруға 58 млрд. теңге бөлінген. Жеті мәдени нысанға, екі әлеуметтік қорғау нысанына және тоғыз білім беру нысанына жөндеу жұмыстары жүргізілді. Соңғы жылдары білім беру нысандарын жөндеуге 1,5 млн. теңге бөлінген. Биылғы жылы 1 млрд. теңгеден артық қаражат бөлінді. Барлық мектептерде дерлік ағымды және күрделі жөндеу жүргізілді – дейді қала әкімінің орынбасары Қанат Әділбаев.

Кешенді жоспарға сәйкес, Шығыс кентінде 1200 орынға арналған жалпы білім беретін мектеп құрылысы жоспарланған. Сонымен қатар, биылғы жылы жаңа радиологиялық орталықты пайдалануға қосу жоспарланған. Жоба құны 6,5 млрд. теңгені құрайды.

Қала әкімінің орынбасары берген ақпарат бойынша, биылғы жылы Семейдің 33 көшесінде жолдарды жөндеу аяқталған. Жангелдин көшесінен бастап Омск-Майқапшағай тас жолына дейінгі жол төсеміне ауыстыру жүргізілген. Республикалық бюджет есебінен Семей – Қайнар тас жолына орта жөндеу жүргізілді.

– Көшелерді жарықтандыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бүгінгі күні Бозтаев көшесі бойына 484 энергия үнемдейтін шамдар орнатылды. Тағы 253 шам Қабанбай батыр көшесі бойына орнатылады. Жалпы, Еуропа жаңғыры және даму банкімен ынтымақтаса отырып келесі жылы қала көшелерін жарықтандыру жұмысын аяқтау жоспарлануда. Аспалы көпірде жарықпен қамтамасыз етіледі – деп көрсетті Қанат Әділбаев.

Конференция соңында қала әкімінің орынбасары, барлық жоспарланған іс-шаралар уақытылы орындалуда және ағымдағы жылдың соңына дейін аяқталады деп атап өтті.

Семей қаласындағы ақпараттық орталығы

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *