Сегіз шығысқазақстандық колледждердің ТОП-100 студенті қатарына кірді

Шығыс Қазақстан колледждерінің оқушылары «Қазақстан Республикасы колледждерінің ТОП-100 студенті» байқауына қатысты. Жоба колледждердің талантты студенттерін қолдауға және жұмысшы мамандықтарын насихаттауға бағытталған.
Білім басқармасында хабарлағандай, алдымен студенттер ішкі іріктеуден өтіп, содан кейін байқаудың аймақтық кезеңіне қатысқан. Онда балалар өздерін болашақ маман ретінде таныстыра отырып, әуестіктерімен бөлісті. Белсенді қоғамдық қызметтерін және студент жастарды дамыту жөніндегі жобаларын ұсынды.
Жобаның өңірлік кезеңіне 24 колледжден барлығы 40 студент қатысты. Өңірлік кезеңнің қорытындысы бойынша 21 студент онлайн режимде өткен республикалық кезеңге шықты.
Конкурс жеңімпаздары «TOP-100 OUTSTANDING KZ TVET STUDENTS» интернет-ресурсында дауыс беру арқылы таңдалды. Байқау көшбасшыларының арасында Семей қаласының көлік колледжінің студенті Ислам Фархадов бар. Дауыс беру қорытындысы бойынша ол 2341 дауыс жинап, үздік ондыққа кірді. Оның айтуынша, жоба барлық байқауға қатысушылардың өз салалары бойынша дамуына тың серпін берді.
– Жобаларды дайындау кезінде мен дәл осындай жастарға өз кәсібін табуға қалай көмектесуге және колледждерде оқудың пайдасын көрсетуге болатынын ойладым. Мен өзім көлік колледжінде 4 курста оқимын. Маған оқу өте ұнайды және барлық студенттердің оқудан рахат алғанын қалаймын. Мен Қазақстан колледждерінің үздік студенттерінің қатарында болғаныма өте қуаныштымын және жыл сайын осындай студенттер саны арта түседі деп үміттенемін. Осылайша, біздің елімізде білікті жас мамандардың қатары көбейеді, – деді Ислам Фархадов.
Ислам көп оқығанды ұнатады, спортпен шұғылданады, гитарада ойнайды және автомобильдерді диагностикалау және қарапайым жөндеу жұмыстарымен айналысады және алған білімі мен дағдылары жұмыста пайдалы болатынына сенеді.
Жеңімпаздар қатарында Шығыс Қазақстан колледждерінің тағы 7 студенті болды. Оның ішінде Д.Қалматаев атындағы жоғары медициналық колледжінің студенті Олег Щепетин, Абай атындағы Шығыс Қазақстан гуманитарлық колледжінің студенті Досымхан Жасыбаев, М.Әуезов атындағы педагогикалық колледжінің студенттері Аружан Жақсыбаева мен Шырын Нұрақаева, Өскемен медициналық колледжінің студенті Әділ Адиков, Семей қаржы-экономикалық колледжінің студенті Назгүл Бұхарова, геологиялық барлау колледжінің студенті Әлима Қасенова бар.
Аталған балалар Қазақстан Республикасының үздік студенттері атану құқығына ие болды және ҚР Білім және ғылым министрлігінің грамоталарымен марапатталды.
Сонымен қатар, әлеуметтік серіктестер мен жұмыс берушілер 2021 жылғы бітіруші студенттерге, атап айтқанда Ислам Фархадовқа, Олег Щепетинге, Досымхан Жасыбаев пен Шырын Нұрақаеваға жұмыс орындарына жолдама берді.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *