Шығыс Қазақстанда «Жомарт жүрек» республикалық байқауының жеңімпаздарына құрмет көрсетілді

Облыс орталығында «Жомарт жүрек – 2020» байқауының жеңімпаздары марапатталды. Жерлестеріне өтеусіз көмек көрсеткен, әлеуметтік маңызды жобаларды іске асырған, қайырымдылық шараларына белсене атсалысқан шығысқазақстандықтар сыйлық иегерлері атанды.
Жылдың меценаты аталымы Бородулиха ауданының тұрғыны «Ассорти 2» шаруа қожалығының басшысы Игорь Шевченкоға бұйырды. Игорь Викторович Андреев ауылдық округінің жергілікті қоғамдастық төрағасы болып табылады және әрдайым ауыл өміріне белсене араласады. Шаруа қожалығының қызметкерлеріне үнемі көмектесіп, бала туғанда 100 мың теңгеден және жас отбасыларға 50 мың теңгеден көмек көрсетеді. Жыл сайын қожалық басшысы тұрғындарға бақша өсіру, қыста және жазда жолдарды күтіп ұстау, көктемгі кезеңде су бұру арналарын тазарту жұмыстарына көмектеседі.
Сонымен қатар, Игорь Викторович аз қамтылған ауылдастарына қолдау көрсетіп, мәдени және спорттық іс-шараларды өткізуге жәрдемдеседі. Жыл сайын «Мектепке жол» қайырымдылық акциясына қатысады. Бүгінде Игорь Шевченконың қаражаты есебінен бастауыш сыныптардың 40 оқушысы ыстық тамақпен қамтылып отыр.
2019 жылы қожалық басшысы ауылдастарына арналған демалыс аймағын абаттандыру жұмысын қолға алып, адамдардың суға шомылуы үшін су қоймасын тазарып, жағажай салып берді. Сондай-ақ өткен жылы Михайличенково ауылында көше жарығын орнатуға көмектесті.
Осы жылдың басында Игорь Шевченко «Новая заря» шаруа қожалығымен бірлесіп, ауылдық мәдениет үйінің мәжіліс залын жөндеді.
Жылдың үздік ұйымы номинациясында «NIEТ WOMAN» ҚБ әйелдер бастамалары қоғамдастығы ерекше көзге түсті. Қоғамдастық облыстағы әйелдер кәсіпкерлігін сақтауға және дамытуға үлес қосып отырған 20-дан астам әйелдің басын біріктіреді. Сондай-ақ бизнес орта мен мемлекеттік органдардың жемісті ынтымақтастығының үлгісі бола отырып, әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған жобаларды табысты іске асырады.
«NIEТ WOMAN» ҚБ 2018 жылдың мамыр айында құрылды және осы уақыт ішінде қыздар бірқатар маңызды іс–шаралар өткізді. Атап айтқанда, ШҚО-ның 350-ден астам әйелінің  қатысуымен әйелдер кәсіпкерлігінің бірінші форумы, әлеуметтік кәсіпкерлік форумы, әлеуметтік кәсіпкерлік мектебінің ашылуы, әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыру үшін қаражат жинауға бағытталған жыл сайынғы «Ізгі көктем»  қайырымдылық балын өткізу шаралары. Соңғы жобаға жергілікті компаниялардың қатарынан 100-ден астам демеуші тартылды.
Әйелдер бастамасы қауымдастығының мүшелері түрлі алаңдарда спикер болды. Осылайша, кәсіпкер әйелдер бизнес жүргізу тәжірибесімен ауыл әйелдерінің форумында, менторлар мен Қазақстан менти форумында, ЕҚДБ-ның Микробизнестегі әйелдер бағдарламасы аясында оқыту тәжірибесімен бөлісті.
«NIET WOMAN» ҚБ жергілікті билікпен ынтымақтастық аясында бизнес ашқысы келетін көп балалы аналармен кездесулерге белсенді қатысты. Бастамашыл әйелдердің тәлімгерлігімен қызығушылық танытқан аналар «Іскер ана» бағдарламасы бойынша оқудан өтіп, өз жобаларын іске асыру үшін гранттар алды.
2020 жыл елдегі волонтерлікті дамытуға үлкен серпін болды. Ерен ерлік номинациясы бойынша волонтерлік қызметке белсенді қатысқаны үшін Курчатов қаласының волонтерлік қозғалыс орталығының төрайымы Әсемгүл Калимолдина сыйлық иегері атанды. Әсемгүл Қайпханқызы белсенді өмірлік ұстанымға ие. Пікірлестердің күштерін жұмылдыра отырып, ол Курчатовтағы еріктілер қозғалысын кеңейтті. Ынтымақтастыққа 2 мыңнан астам адамды тарта білді. «Балаларға жүрек сыйла», «Құс асханасы», «Біз біргеміз», «Мейірімді көршілер», «Мейірімді іс», «Жақсылық жолы», «Мың алғыс», «Маска тағыңыз» волонтерлік акциялары ұйымдастырылды.
Әсемгүл Қайпханқызы және оның еріктілер тобы COVID-19 пандемиясына байланысты елімізде туындаған күрделі кезеңде шет қалмады. Еріктілер тобы жалғыз басты зейнеткерлердің, мүмкіндігі шектеулі адамдардың, көп балалы отбасылардың пәтерлеріне барып белсенді көмек көрсетті. Көмек бір реттік акциялармен ғана шектеліп қоймай, жалғасын тауып отырды. Соның арқасында адамдар азық-түлік, дәрі-дәрмек, медициналық маскалармен қамтылып, психологиялық тұрғыдан да қолдауға ие болды.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *