Семейде Насен Сембаевқа ескерткіш тақта ашты

Бүгін облысымыздың ауылдық округтары мен аудандарының, қалаларының экономикасына, мәдениеті мен әлеуметтік дамуына орасан зор үлес қосқан еңбек ардагері және Семей қаласының белгілі ақсақалы Насен Сембаевтың ескерткіш тақтасын ашу салтанаты өтті. Ескерткіш тақтасы Семей қаласы, Аманов көшесі, 25-үй мекенжайындағы тұрғын үйдің қабырғасына орналастырылды. Ақсақалды еске алуға оның туғандары, жақындары және әріптестері жиналып, Насен Ыбрайұлының өмірімен және достық туралы естеліктерімен бөлісті. Салтанатты шараға қала әкімі Ермак Салимов қатысты.

  • Насен Сембаев біздің халық сыйлайтын нар тұлға болды. Өкінішке орай, биылғы жылы, қалыптасқан эпидемиологиялық жағдайға байланысты біз қоштаса алмадық, біз оны әрқашан ұмытпаймыз. Нар тұлғасы әрқашан біздің жүрегімізде – деп өз сөзінде Ермак Салимов атап өтті.  

Сембаев Насен Ыбрайұлы 1933 жылы дүниеге келген. 1956 жылы Алматы мал-дәрігерлік институтын, 1982 жылы КОКП ОК қоғамдық ғылымдар Академиясын аяқтаған. Семей қаласының еңбек ардагері. Өзінің еңбек жолында қатардағы мал дәрігерінен Қазақстан Компартия Комитетінің облыстық хатшысы лауазымына дейін көтерілді. Көкпекті совхозында мал дәрігері, Үлгілі Малшы совхозында бас мал дәрігері, Көкпекті аудандық ауылшаруашылық басқармасының бас мал дәрігері, Ақсуат аудандық ауылшаруашылық басқармасының бастығы, Семей облыстық ауылшаруашылық басқармасы бастығының орынбасары, бірінші орынбасары, Абай аудандық коммунистік партиясының бірінші хатшысы, Семей облыстық коммунистік партиясының хатшысы, жер қатынастары және жерге орналастыру жөніндегі Семей аймақтық комитетінің төрағасы лауазымдарында қызмет істеген.

Бұрынғы Семей облысының, қазіргі Шығыс Қазақстан облысының ауылдық округтерінің және аудандарының, қалаларының экономикалық, мәдени және әлеуметтік дамуына орасан зор үлесін қосты. Еңбектегі жетістіктері, қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық салаларға белсенді қатысқаны үшін «Еңбек Қызыл Ту» орденімен, үш «Құрмет белгісі» орденімен, «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» мерекелік медалімен және басқа да КСРО медальдарымен марапатталған. Екі дүркін ҚазКРО Жоғарғы Кеңесінің  құрмет грамотасымен марапатталған, «Қазақ КСР еңбегі сіңген мал дәрігері» құрметті атағы берілді. Бірнеше мәрте Семей облыстық мәслихатының депутаты болып сайланған. «Абай ауданының құрметті азаматы».

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *