Шығыс Қазақстанда су тасқынының алдын алу шаралары жүргізілуде

Шығыс Қазақстан облысы үшін су тасқыны – күтілетін құбылыс, және іс жүзінде өңірдің барлық аумағында, әсіресе таулы аймақтардағы өзендерде байқалады,-дейді мамандар. Осыған байланысты жұмылдыру дайындығы басқармасының, ТЖ департаментінің қызметкерлері Қазгидрометпен және аудан әкімдіктерімен бірлесіп, өңірдегі су тасқынының алдын алу және ескерту жұмыстарын жүргізуде.

Көп жылғы синоптикалық болжамға сәйкес облыс өзендеріндегі су тасқыны наурыздың екінші онкүндігінде басталып, маусымның екінші онкүндігінің ортасына дейін созылады. Алайда, биылғы жылы ауа температурасының күрт өзгеруі Глубокое ауданының Уварово ауылындағы Ертіс арнасындағы су деңгейінің көтерілуіне себеп болды. “Су басу аймағында 90 үй болды, бөгет арқылы өтетін судың жалпы ұзындығы 1,5 км құрайды. Қазіргі уақытта 500 қап инертті материал толтырылып, төселді, тағы 1000 қап дайындалды. Камаз автокөлігінің 2 бірлігі және 1 тиегіш, сондай-ақ жеке құрамның 40-тан астам адамы жұмылдырылды. Күн сайын әкімдік қызметкерлері жақын маңдағы үйлерді қарап шығады”, – деді Глубокое ауданы әкімінің орынбасары Сергей Кимасов ШҚО ақпараттық орталығында өткен брифинг барысында.

Сондай-ақ, билік өкілдері ауа-райының қолайсыз жағдайлары, ауа температурасының жоғарылауы және жаңбыр түрінде жауын-шашын болған кезде ауданның 19 елді мекенінде қиын жағдай туындауы мүмкін деп ескертеді.

ШҚО жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы Елдос Чикеновтың айтуынша, бүгінгі таңда облыстың барлық қалалары мен аудандарында топырақтың қату тереңдігі 2018-2019 жылдардың көрсеткіштерінен бірнеше есе төмен және 32-ден 132 см-ге дейін құрайды.

– Қар жамылғысының биіктігі 50 см-ден аспайды, гидрологиялық жағдай тұрақты. Өзендердегі су деңгейі қауіпті деңгейден төмен. Ауа-райының нашарлауы кезінде тасқын жағдайлардың туындауы Алтай, Бесқарағай, Глубокое, Катонқарағай, Көкпекті және Тарбағатай аудандарының 19 елді мекенінде орын алуы мүмкін, – деп хабарлады Чикенов мырза, -қар жамылғысының түсуі және тасқын сулардың өтуі бойынша ғарыштық мониторинг жүргізілуде. Облыстық бюджетте шұғыл шығындарға және төтенше жағдайларды жоюға 1,8 млрд. теңге көлемінде қаражат қарастырылған.

Сонымен қатар, 7 ауданда Бұқтырма, Күршім, Қалжыр, Ертіс, Үлбі, Уба, Тұрғысын өзендерінде мұзды жару бойынша алдын алу жұмыстарын жүргізу үшін учаскелер анықталды. Жол картасы бойынша 2021 жылға облыстың 5 ауданында жағалауды нығайту бойынша 10 іс-шара жоспарланған.

“Сонымен қатар, 16 мың адам сиятын 93 уақытша орналастыру пункті дайындалды. Бұдан басқа, жұмылдыру дайындығы басқармасы бір тәулік

ішінде эвакопунктерге 1500 жатын орын және асхана керек-жарақтарының жиынтықтарын беруге, 300 орындық шатырлы лагерь ашуға дайын.

Уақытша орналастыру пункттерін қамтамасыз ету үшін материалдық құралдар қоры бар”, – деп толықтырды басқарма басшысы.

Брифинг барысында ақпан айында 4 бағыт бойынша тікұшақпен барлау жұмыстары басталатыны белгілі болды, жұмыс топтары су тасқыны қаупі бар учаскелерге мониторинг жүргізеді, халықпен үгіт-насихат жұмыстарын жүргізеді, соның ішінде жадынамалар таратады.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *