Билік өкілдері “Востокмашзавод” АҚ-ның алдағы жоспарымен бөлісті

“Востокмашзавод”АҚ-ның қызметкерлеріне қарызы 48 млн. теңгеден астам соманы құрайды. Кәсіпорынның 420 қызметкері 2020 жылдың желтоқсан айының жалақысын алмаған, олар үшін зейнетақы, әлеуметтік, сондай-ақ МӘМС қорына аударымдар жүргізілмеген. Компанияның өзі қаңтар айынан бастап жұмысын уақытша тоқтатқан. Осыған орай, бүгін ШҚО әкімдігі мен “Востокмашзавод” АҚ өкілдері онлайн баспасөз-конференциясын өткізді.
60 жылдан астам уақыт бойы Өскеменде тау-кен және байыту жабдықтарын, халық тұтынатын тауарларды және басқа да тауарларды өндіретін зауыт жұмыс істейді. КСРО кезінде мұнда 50 мыңға жуық өнім шығарылды. Алайда, кәсіпорынның ауқымы едәуір ескірген, соның салдарынан зауытта дағдарыстық жағдай орын алған. 10 жылдан астам уақыт бойы оның негізгі акционері “ҚТЖ” ҰК болды, осыған байланысты мұнда темір жол үшін өнім шығаруға бағдар алды. Бірақ, осы уақыт ішінде зауыт толық өндірістік қуатқа шықпаған, ғимараттарына, жабдықтарына күрделі жөндеу жүргізілмеген, тауарларға деген сұраныс та төмендеген.
– Қазір мұнда 4 күндік жұмыс аптасының 50% төлемімен 220 адам еңбек етуде. Кәсіпорында “ВМЗ Инвест” ЖШС жаңа инвесторы пайда болды, ол зауытты дамыту бойынша 2021 жылдың 1 жарты жылдығына арналған іс-шаралар жоспарын әзірледі. Негізгі міндет – №10 вагон құю цехын іске қосуға және шарошка қашауларын өндіруді қалпына келтіруге өз қаражатын инвестициялау. Олар компанияның қарыздарын өтеуге көмектесуге дайын, – деді ШҚО мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Бақытбек Қизатов.
Өңірдің кәсіпкерлік басқармасы басшысының орынбасары Сергей Золотаревичтің айтуынша, ағымдағы жылдың 8 қаңтарында “ВМЗ Инвест” ЖШС зауыт акцияларының негізгі пакетін сатып алды, қазір құжаттарды ресімдеу процесі жүріп жатыр “біз облыстың ірі кәсіпорындарының бірінің жұмысына мүдделіміз. Өңір басшылығы жағдайды бақылауда ұстап, зауыттың тұрақтылығын қамтамасыз етуде көмек көрсетуде”, – деді ол.
Жалақыға келетін болсақ, жұмысшылар өткен жылдың қараша айының қарызын 2021 жылдың 10 қаңтарына дейін алды, ал желтоқсан айының қарызын – 10 ақпанға дейін төлеу жоспарлануда. Әлеуметтік аударымдар мәселелері шешілетін болады. Бұл туралы “Востокмашзавод” АҚ директорының міндетін атқарушы Қанат Қалиев мәлімдеді.
“Жаңа инвестордың келуімен кәсіпорын өзінің барлық сұрыпталымын қайта қарайды, біз бәсекеге қабілетті компаниялар қатарына кіру үшін қазіргі қоғамның қажеттіліктеріне жұмыс істейтін боламыз. 2 ақпаннан бастап бізге жағдайды бағалау және қайта құру және технологиялық процестер бойынша ұсыныстар әзірлеу үшін неміс компаниясы келеді. Өндіріс жабылмайды және қызметкерлерді қысқарту жоспарланбайды”,-деп сендірді Қалиев мырза.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *