ШҚО-да ерікті түрде вакцина салу науқаны басталды

Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша 1 ақпаннан бастап Қазақстанда «Спутник V» коронавирусына қарсы ресейлік препаратпен ерікті түрде вакцинациялау науқаны басталды. Өскеменде алғашқы екпені ШҚО ССК өкілі Қанат Тұрдиев пен «Ана мен бала орталығы» ШЖҚ КМК бас дәрігері Ермек Омарбеков, Семейде ШҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Думан Берікұлы және «Облыстық перинаталдық орталығы» ШЖҚ КМК бас дәрігері Арқат Дайырбеков алды.
– Пандемия біздің өмір салтымызды айтарлықтай өзгертті. Ол бәрімізді өзгертті. Бірақ егер біз үйреншікті өмір салтымызға оралғымыз келсе, бір – бірімізге қонаққа барғымыз келсе, кинотеатрларға, театрларға барғымыз келсе, туыстарымызды кедергісіз көргіміз келсе, бізге басты 2 шартты, атап айтқанда вакцина алуымыз және ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің барлық нұсқамаларын орындауымыз қажет. Сонда біз қалыпты өмірге орала аламыз. Біз біргеміз! Біз бұл пандемияны бірге жеңеміз деп есептеймін» – деп  атап өтті Ермек Омарбеков.
Бүгінгі күні ШҚО-ға 1300 доза вакцина жеткізілді (650 Өскемен қаласында, 650 Семей қаласында). Алғашқы вакцинаны Өскемен және Семей қалаларының емханалары алады.
Облыстың денсаулық сақтау басқармасының мәліметі бойынша, ақпан айының басында вакциналарды тасымалдау және сақтау үшін медициналық ұйымдарға 16 биомедициналық мұздатқыш пен көп рет қолданылатын термотіркегіштері бар 60 термоконтейнер қосымша сатып алынады.
Вакцина салуға профилактикалық егуге қарсы көрсетілімдері жоқ адамдар жіберіледі. Вакцина алар алдында дәрігердің міндетті тексерісі жүргізіледі. Вакцинация кезеңінде мониторинг және әдістемелік көмек көрсетуді ұйымдастыру үшін жұмыс комиссиясы құрылды.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *