Биыл ШҚО-да шақыру учаскелеріне 7 мыңнан астам адам тіркелуге жатады

Әскерге шақырылуға дейінгілерді әскери есепке қою үшін тіркеуді тиісті жергілікті атқарушы органдар жергілікті әскери басқару органдарымен бірлесіп жүргізеді.

Баспасөз конференциясы барысында ШҚО қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары Еркеш Бекбаев «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» ҚР Заңына сәйкес осы жылдың қаңтар-наурыз аралығында Шығыс Қазақстан аумағында 2004 жылы туған азаматтарды, сондай-ақ бұрын тіркеуден өтпеген ересек жастағы азаматтарды тіркеу жүргізіліп жатқанын айтты.

– Шақыру учаскелеріне тіркеу кезінде жастар әскери қызметке жарамдылық дәрежесін белгілеу үшін әскери-дәрігерлік сараптама жүргізу қағидаларында айқындалған тәртіппен медициналық куәландырудан өтеді. Медициналық комиссия әскери қызметке жарамсыз деп таныған азаматтар әскери есепке қабылданбайды, – деді Еркеш Бекбаев.

Биыл Шығыс Қазақстанның 7 мыңнан астам тұрғыны шақыру учаскелеріне тіркелуге жатады. Өткен жылы 6500 адам тіркелді. Осылайша, 2021 жылы тіркелуге жататын әскерге шақырылуға дейінгілердің саны артты.

– Шақыру учаскелеріне тіркеуді жүргізудегі негізгі міндеттер азаматтарды әскери есепке алу, әскери қызметке жарамдылығын және денсаулық жағдайын анықтау, жалпы білім деңгейі мен мамандығын анықтау, сондай-ақ, Қарулы Күштер және әскери қызмет түрлері бойынша әскерге шақырылушыларды алдын ала тағайындау, әскери-техникалық мамандықтар бойынша даярлау және әскери оқу орындарына түсу үшін кандидаттарды іріктеу болып табылады, – деп атап өтті ШҚО қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *