Ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында ШҚО тұрғындары медициналық сақтандыру қорына 6 млрд теңге аударды

Шығыс Қазақстанның әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде қаражат қалай бөлінеді және қанша бөлінеді? Бұл туралы “Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ ШҚО бойынша филиалының директоры Ғалымжан Әбілов айтып берді.
Ол тұрғындардың МӘМС жүйесіне олардың аударымдары қалай бөлінеді деген сұрақты жиі қоятынын атап өтіп, бүгінде облыс халқының 81 пайызы медициналық сақтандырудың қатысушылары болып табылатынын атап өтті. Ал жүйеге енгізілмегендердің саны 234 мың адамды құрайды. Алайда олар әрқашан тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде медициналық қызметтерді ала алады.
Бұл ретте сақтандырылғандар мен сақтандырылмағандардың қатарында тұрақсыз төлеушілер бар. Яғни, олар үшін бір кездері қандай да бір аударымдар мен жарналар алынған, бірақ олар тұрақты болмағандықтан ол адамдарда берешек пайда болады және медициналық сақтандыру туралы мәртебе болмайды. Себебі дербес төлеуші ретінде БЖТ немесе жарнаны бір немесе екі рет төлем жасағандар үшін МӘМС пакетінде барлық 12 ай ішінде медициналық қызметтер көрсетілмейді.
Жалпы, бірінші тоқсанда Шығыс Қазақстан облысының тұрғындары МӘМС жүйесіне 5,8 млрд теңге жарналар мен аударымдар аударды. Сатып алу жоспарына сәйкес, 2021 жылға Қордың халыққа медициналық көмек көрсету бюджеті шамамен 126 млрд теңге көлемінде қарастырылған, оның ішінде мемлекет кепілдік берген медициналық көмек көлемі – 78 млрд теңге, сондай-ақ МӘМС пакетіндегі медициналық қызметтер – 48 млрд теңге.
Қор өткен жылғы жұмыстарға талдау жасап, қаржыландырудың басым бағыттарын белгіледі. Ғалымжан Әбіловтің айтуынша, ең алдымен амбулаториялық-емханалық деңгейде медициналық қызметтердің қолжетімділігі кеңеюде. Осылайша, күндізгі стационарларға көп қаржы бөлінуде, айтарлықтай қаражат ауылдық медицинаны дамытуға, цифрландыру мүмкіндіктерін ескере отырып, қашықтықтан көрсетілетін қызметтерді одан әрі енгізуге жұмсалады. Профилактикалық медицинаға, балалар денсаулығын қорғауға, мектеп медицинасына, онкогематологияға ерекше көңіл бөлінеді.
Қор тарапынан ЭКҰ-ға квоталарды ұлғайту бойынша “Аңсаған сәби” және ерекше қажеттіліктері бар балаларды медициналық оңалту – “Қамқорлық” бағдарламалары толық қаржылық қолдауға ие. Антенатальды бақылауды, нөлден бес жасқа дейінгі балаларды профилактикалық тексеруді жүргізуге, сондай-ақ мектеп медицинасын дамытуға қосымша қаржы бөлінді.
– Пациент медициналық сақтандыру қорымен келісімшарт жасасқан кез келген клиникада, оның қай жерде орналасқанына және қандай меншік нысанына қарамастан, сапалы медициналық көмек алуы тиіс, – деп атап өтті Ғалымжан Әбілов.
Осылайша, 109 медициналық қызмет ұсынушылармен келісімшарттар жасалды, оның ішінде 46 жеке клиника бар. Өткен жылы олардың саны аз болды, бірақ жыл сайын жеке сектордың үлесі өсіп, нарықта елеулі бәсекелестік орын алуда. Бұл пациенттің ең жақсы клиниканы таңдауына мүмкіндік береді. Медициналық қызметтерді жеткізушілердің тізімі Қордың Fms.kz сайтында орналастырылған.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *